$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.01.2020, 12:55
Экономика

Мәдина Әбілқасымова басқаратын жаңа агенттік жұмысын бастады

Қазақстан Ұлттық банкінен еншісін алып шыққан жаңа агенттік өз жұмысын бастады

Мәдина Әбілқасымова басқаратын жаңа агенттік жұмысын бастады

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаржы қызметін тұтынушылар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне алады. Бұл туралы fingramota.kz сілтеме жасаған Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.

Жыл соңында Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ҰБ-тен бөлініп шыққан. Бұл туралы арнайы жарлыққа 2019 жылғы 11 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Агенттік қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын (қызметін Ұлттық Банктің лицензиясы негізінде айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғаларды қоспағанда), олардың филиалдарын және үлестес тұлғаларын, Қазақстан Даму Банкін, бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаларды, кредиттік бюроларды, банк холдингтерін, банктердің ірі қатысушыларын, сақтандыру холдингтерін, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды, коллекторлық агенттіктерді, уақытша әкімшіліктерді (уақытша әкімшілерді), банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының тарату комиссияларын реттеуді жүзеге асырады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқық қорғау мәселелері және қолданыстағы банк, сақтандыру, зейнетақы салалары, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы саласындағы нормалар бойынша бұрынғысынша Қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгіне алады, ол 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Агенттік жанында жұмыс істейтін болады. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің телефон номерлері  өзгеріссіз қалғаны белгілі болды.

Жаңа агенттікті бұрынғы Еңбек және халықты әлеметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова басқарады. Ол былтыр наурыз айында Ұлттық банк төрағасының орынбасары болып тағайындалған еді. Жаңа жыл қарсаңында бас қаржы реттеуші ұйымның құрамынан бөлініп шыққан агенттік төрағасы болып жұмысқа кірісті. Қаржылық реттеу нарығын қолға алған командаға Олег  Смоляков та келді. М. Әбілқасымованың бірінші орынбасары болып қызметке кіріскен қаржыгер ҚР ҰБ төрағасының көп жылдан бері орынбасары болды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы   

Серіктес жаңалықтары