Түркістан облысында 2025 жылға дейін жолдардың 99 пайызы жөнделеді
Бұл мақсатта 3 трлн 600 млрд теңге жұмсалмақ
Түркістан облысында 2025 жылға қарай жолдардың 99,5%-ы «жақсы» және «қанағаттандырарлық» деген жағдайға дейін жеткізіледі деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» аясында өңірде алдағы 5 жылда автомобиль жолдарының 2,3 шақырымын салу және жөндеу көзделген. Кешенді жоспар аясында Оңтүстік-батыс айналма жолы, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Түркістанның Шығыс айналма жолы салынады.
Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында арендалық 23 мың пәтер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, өңірде көліктерге жоғары жылдамдықта жүруге мүмкіндік беретін «Түркістан – Шымкент – Ташкент» теміржол магистралі пайда болмақ.
2021 ЖЫЛДЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫНЫҢ ҮЛЕСІ 81%-ҒА ЖЕТКІЗІЛЕДІ
«Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайы 2025 жылға дейін 99,5%-ға жеткізілмек. Алдағы 5 жылда өңірдегі автомобиль жолдарын жақсарту мақсатында бөлінетін қаражаттың басым бөлігі жергілікті жолдарды қалпына келтіруге бағытталады. Қазіргі таңда өңірде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 79%-ды құрайды. 2021 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 81,4%-ға дейін жеткізіледі деп көзделуде. Ал 2025 жылға қарай Түркістан облысында «жақсы» және «қанағаттандырарлық» жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 90%-ға дейін жеткізілетін болады», - деп мәлімдеді облыстық әкімдікте.
ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 700 КМ ЖОЛ ПАЙДАНАЛУҒА БЕРІЛЕДІ
Ал, биыл 2021 жылы Түркістан облысында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 300-ден астам нысан немесе жолдардың 1,2 мыңға жуық шақырымы мен көшелер қамтылған. Жыл соңына дейін жолдардың 700 шақырымы пайданалуға беріледі деп күтілуде.
ОБЛЫСТАҒЫ ӘР АУДАННЫҢ ЖОЛЫ ҚАМТЫЛҒАН
«Атап айтар болсақ, Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандарындағы жолдар күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жолдардың жалпы ұзындығы 478 шақырымды құрайды. Одан бөлек, аталмыш аудандарда жалпы ұзындығы 180 шақырымнан асатын облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолы жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл жолдар қыркүйек айында толықтай пайдалануға беріледі», - деп хабарлады Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыстың Қазығұрт, Түлкібас, Созақ, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласындағы жолдар да жаңартылып жатыр.
Сондай-ақ, 2021 жылдың соңына дейін Түркістан-Балтакөл, Кентау-Ащысай, Шымкент-Қарамұрт, Ақсукент-Қарамұрт, Шымкент-Сайрам, Шарапхана-Жаңабазар бағыттарындағы жолдарда жұмыстар аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандарындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары да биыл аяқталады.
«Жоспарға сәйкес, Түркістан - Балтакөл, Түркістан-Қарнақ-Кентау бағыттарында автомобиль жолдарының 80 шақырымы күрделі және орташа жөндеуден өткізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Мұнымен қоса, Түркістан-Қарнақ-Кентау, Кентау-Ащысай бағыттарында ұзындығы 53,7 шақырым болатын жолдарды орташа жөндеу өткізу мақсаттарына қаражат қаралған. Тамыз айында сондай-ақ, Шардара-Арыс бағытындағы жалпы ұзындығы 41 шақырымды құрайтын жолда күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталмақ. Сонымен қатар, қазіргі таңда Ақсукент-Қарамұрт, Шымкент-Сайрам, Шымкент-Көксәйек бағыттарындағы жолдарды күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталмыш жолдардың жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайды. Жаңарған жолдарда қозғалыс қыркүйек айына дейін ашылмақ.
Отырар ауданының Шәуілдір-Көксарай-Байырқұм және Отырар қалашығы бағыттарындағы ұзындығы 42 шақырым болатын жолды орташа жөндеуден өткізу мақсаттарына да қаржы қаралды. Жұмыстар келесі жылы да жалғасатын болады. Ордабасы ауданының Темірлан-Қызылсеңгір, Қайнар-Ұялыжар, Бадам-Шұбар бағыттарындағы ұзындығы 68,4 шақырым құрайтын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары басталып, 2022 жылы жалғасатын болады», - деп түсіндірді өңір әкімдігінде.
ЖОСПАР ЖОЛДАН БАСҚА НЫСАНДАРДЫ ДА ҚАМТИДЫ
Айта кетейік, Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыруға 3 трлн 600 млрд теңге жұмсалмақ.
Кешенді жоспардың аясында мұнай өңдеу зауытының, химиялық кешеннің және тұрмыстық техниканы өндіретін зауыттың құрылысы қарастырылған. Мұнымен қоса, 2025 жылға дейін Түркістан облысының айналасында азық-түлік белдеуі салынатын болады.
Облыс орталығы мен бірқатар ауданда денсаулық сақтау нысандары, қонақ үйлер мен туристерге арналған орталықтар бой көтереді деп күтілуде. Ал ауылдық елдімекендерде сумен қамту және су тарту жүйелері жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес тарихи нысандар қалпына келтіріледі. 23 мың жалға берілетін пәтер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, өңірде көліктерге жоғары жылдамдықта жүруге мүмкіндік беретін «Түркістан – Шымкент – Ташкент» теміржол магистралі пайда болмақ.
Тұтастай алғанда, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары 142 іс-шарадан тұрады.