Алматы маңындағы үлкен айналма жолдың құрылысы келесі жылы аяқталады

Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 150 млрд теңге

Алматы маңындағы үлкен айналма жолдың құрылысы келесі жылы аяқталады

Премьер-министр Асқар Мамин 1 шілдеде Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысын тексерді. Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайтында жазылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Алматы қаласы үшін ең маңызды жобаның құрылысын бастау туралы шартқа 2018 жылы қол қойылып, капсуласы құйылған болатын. Сол кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған жоба 2021 жылы аяқталады деп хабарланған еді. Алайда ұзындығы 66 шақырым, кеңдігі 6 жолақ болатын автомобиль жолы биыл пайдалануға берілмейді.

Үкімет басшысының сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Асқар Мамин жолдың құрлысын 2022 жылдан кешіктірмей бітіруді тапсырған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 150 млрд теңге. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысын Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразия даму банкі қаржыландырады. Қаражат 20 жылда қайтырылуы тиіс. Құрылысты  «Алсим Аларко», «Макйол Иншаат», «СК Экоплант», «Корея Экспрессвэй» секілді Түркия және Оңтүстік Корея компаниялары жүргізеді.

Жол пайдалануға берілген соң көліктер жылдамдығы сағатына 140 шақырыммен қозғалуға мүмкіндік алады. Автомобиль жолы I техникалық санат параметрлеріне сәйкес келетін болады. Автожол құрылысы кезінде көпірлер, жол айрықтары мен эстакадалар салу жоспарланған.

Алматы облысының аумағымен өтетін, бірақ Алматы қаласы үшін ең маңызды жоба мегаполиске кіретін транзиттік көліктер легін шектейді. Қала экологиясы үшін теріс әсерлерді азайтып, тәулігіне 40 мың автокөліктің шаһарды айналып өтуіне жол ашады.

Құрылыс қазір қарқын алды. Оған шамамен 1600 адам мен 600-дей ауыр техника жұмылдырылған. Үкімет басшысы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жеделдетіп, сапаға мән беруді тапсырды, делінген хабарламада.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.