ШұғылҚазақстанда бір тәулікте коронавирусты 7 мыңға жуық адамның жұқтырғаны анықталды

Қазақстан криптовалюта майнингі үшін қолайлы жер – Yahoo Finance

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда цифрлық майнинг үшін төлем енгізу туралы заңға қол қойған

Фото ашық дереккөзден

Америкалық Yahoo Finance сараптамалық сайты Қазақстан Президентінің ел аумағында криптовалюта өндірумен (майнинг) айналысатындарды қосымша салық төлеуге міндеттейтін заң жобасына қол қойғаны жайлы жазып, бұл бастамаға өз бағасын берді. Маусым айында ҚР Парламенті Сенатының қарауынан өтіп, Мемлекет басшысына жолданған заң жобасы 2022 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді. Заң жобасының ерекшелігі неде?

Бұдан былай, Қазақстан территориясында криптомайнингпен айналысатын маман әр кВт/сағат үшін қосымша 1 теңге төлеуі керек болады. Яғни, майнерлер өндіріс барысында тұтынған электрэнергиясы үшін қосымша салық төлейді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, аталмыш заң жобасы «сұр аймақта жүрген майнерлерді көлеңкеден шығаруға» көмектеседі. Айта кетерлігі, Қытай үкіметі криптомайнингке қарсы соғыс жариялады, соның салдарынан барлық өндіруші компаниялыр басқа елдерге, соның ішінде Қазақстанға көшіп, үлкен көлемде электр энергиясын тұтынуда. Заң жобасының бастамашысы Мәжіліс депутаты Альберт Раудың сөзінше, бұл заңның қабылданғанынан ешқандай кері әсер болмайды.

Ресми тұлғалар бұл электр энергия бағасының майнерлер үшін «едәуір өседі» деп айтуға келмейді деген пікірді ұстанады. Алайда, манингпен айналысатын қауымдастық кері пікірде. Блокчейн және Қазақстанның дата-орталықтары индустриясы ұлттық қауымдастығының айтуынша, бұл бастама саланың инвестициялық тартымдылығына өте кері әсер етеді. Сонымен қатар, криптовалюта мамандары Қазақстанның бұл қадамы – Қытайда мүмкіндіктердің болмауынан «басқа мекен іздеп, тентіреп жүрген майнерлерден қаржылай пайда көріп қалу амалы» деп ойлайды. 

Yahoo Finance басылымы Қазақстанның майнерлер үшін тартымдылығының бір себебі – электр энергия бағасының төмен болуы дейді. Кейбір ірі операциялар елдегі ірі құрылыстарды жоспарлауды бастады. Мысалы, Bit Mining компаниясы 100 мегаваттық қуаты бар майнинг орталығын салу туралы жоспарымен бөлісті және оны жүзеге асыру үшін жергілікті екі фирмамен де бірігетінін айтты. Майнинг жабдықтарын өндіруші Canaan компаниясы да Қазақстанда сервис орталығын іске қосты.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 20-ға жуық криптоферма бар және Қытайдағы шектеулерге байланысты олардың Қазақстандағы саны көбейеді деп болжануда.

Қазіргі уақытта Қазақстан әлемдік майнинг жарысында Қытай, Ресей және АҚШ-тан кейін төртінші орында тұр. Алайда, осы аталған топтың ішінде ең арзан электр қуаты Қазақстанда (оның құны бір кВт / сағ үшін 0,03 доллар). Бұл көрсеткіш Ресейде бір кВт / сағ үшін 0,06 доллар, ал АҚШ 0,12 доллар шамасында құрайды. 

«Бағадан бөлек, Қазақстан саяси тұрақтылығымен, жасыл экономикаға деген ұмтылысымен және заңды тұлғаны тіркеудің оңай болғанымен ерекшеленеді, сондықтан майнерлер үшін қолайлы ел болып табылады», - деп аяқтады басылым. 

Тегтер: