ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте КВИ жұқтырғандар саны күрт өсті

Өзбекстан Қазақстанның құрылыс саласындағы баға белгілеу жүйесін зерттеп жатыр

Өзбекстан мамандары баға жүйесіне көшу кезеңінен өтіп жатқан Қазақстанға жүгінді

Өзбекстан Республикасы Құрылыс министрлігінің өкілдері еліміздің құрылыс саласындағы баға белгілеу тәжірибесін зерттеу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен ұшып келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазіргі уақытта Өзбекстанда құрылыс көлемі артып келеді. Бұл өз кезегінде баға белгілеу жүйесін қалыптастыруда жаңа тәсілдерді талап етеді. Осыған байланысты көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерделеуді жөн көрген.

Өзбекстан мамандары мемлекеттік баға жүйесі нарықтық экономикасы бар дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, баға жүйесіне көшу кезеңінен өтіп жатқан Қазақстанға жүгінді.

«2015 жылдан бастап біздің елімізде мемлекеттік инвестициялар салынатын жобалар үшін материалдар мен еңбек ресурстарының ағымдағы бағаларын пайдалана отырып, құрылыс өнімі құнын айқындайтын ресурстық әдіс қолданылады. Жоба мен сметалық нормалар бойынша бөлінген көрсеткіштер негізінде ресурстық әдіс объектілердің сметалық құнын уақытылы жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді», - делінген ҚР ИИДМ баспасөз хабарламасында.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекет - құрылыс нарығындағы ең ірі инвестор. 2020 жылы тұрғын үй құрылысына жалпы алғанда 1 968 млрд теңге салынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 4 920 млрд теңгені құрады.

Елімізде мемлекеттік баға белгілеуді дамыту мәселелерімен ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымы Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) айналысады.

ҚазҚСҒЗИ тұрақты негізде құрылыс материалдары мен жұмыстарының бағаларына мониторинг жүргізеді. Жеткізушілерден және мердігерлерден ағымдағы бағалар туралы алынған ақпарат сметалық жинақтар жасау үшін, сондай-ақ ЕСНБ нормативтік базасына енгізу үшін пайдаланылады.

2020 жылдан Қазақстанда құрылыс материалдары мен жұмыстарының құны туралы статистикалық мәліметтер онлайн режимде жинала бастады.

«2019 жылдан бастап «ҚазҚСҒЗИ» АҚ элементтік сметалық нормаларды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Оларды құрылыс нысандарын ақпараттық модельдеу технологияларымен (ҚОАМТ) интеграциялау мүмкіндігі бар. Жобалаудың BIM-технологиясы мен жобаланатын объектілерді сметалық бағалау жүйесінің өзара іс-қимылы жобалау технологиясының сапасы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бірінші кезеңді 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр. 2023 жылдан бастап келесі кезеңге - тәжірибелік апробацияға көшу жоспарлануда», - деді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Бас директоры Бегман Кульбаев.

Өзбекстан делегациясы елімізге сапары аясында ҚР ТКШ, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ құрылыстағы нормалау орталығына, «Мемсараптама» РМК-ға, Modex көлемді блоктарын өндіретін зауытқа, сондай-ақ елімізде қолданылатын сметалық бағдарламаларды әзірлеу бойынша бірқатар жобалау ұйымдары мен компанияларға барады.

«Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы құрылыс саласындағы екіжақты ынтымақтастық екі ел арасындағы ғылыми-техникалық тәжірибе алмасу тұрғысынан өзара ынтымақтастықты нығайту үшін бірқатар мүмкіндіктер туғызады», - деді Өзбекстан Құрылыс министрлігінің Жобалау және құрылыс саласындағы экономикалық реформалар басқармасының бастығы Шерзод Содиков.

Сапар қорытындысында ынтымақтастық туралы бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылады деп жоспарланған.