Үкімет биыл теңгенің долларға шаққандағы бағамы қанша болатынын болжады
2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет қаралды

Үкімет отырысында Қазақстанның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов баяндама жасады.
Мәселен, 2021 жылы ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарды. Мұнай бағасы барреліне $50 (бұрын $35), ұлттық валюта бағамы – бір долларға 425 теңге (бұрын 420 теңге) деңгейінде болжануда.
Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт $10,8 млрд-қа – $52,2 млрд-қа дейін ұлғаяды. Инфляция бұған дейін бекітілген 4,0-6,0% дәлізінде сақталды.
Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Осы жылға арналған нақтыланған бюджет шығыстарының негізгі бағыттары — «Nur Otan» партиясының бағдарламасын және Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауын іске асыруды қамтамасыз ету.
Сонымен қатар шығындар пандемияға қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, сондай-ақ экономиканың нақты секторын ынталандыруға бағытталады.
Премьер-министр ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған болжамын және 2021-2025 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды.