ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 595 мыңнан асты

Мамин мен Арипов «Орталық Азия» ХСЭЫО жобасын іске қосты

Қазақстан және Өзбекстан Премьер-министрлері аймақаралық және шекарамаңы ынтымақтастығындағы өзекті мәселелерді талқылады

Бүгін Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Жібек Жолы» өткізу пункті маңында Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин мен Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов келіссөз жүргізіп, «Орталық Азия» Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының (ХСЭЫО) құрылысы жүргізілетін жерге капсула салу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тараптар Қазақстанның Өзбекстанмен сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, туристік, ғарыш салаларындағы, өнеркәсіптік кооперациядағы, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғаудағы, сондай-ақ аймақаралық және шекарамаңы ынтымақтастығындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Автомобиль жасауда, АӨК өнімдерін қайта өңдеуде, сондай-ақ жоғары жылдамдықты «Түркістан-Шымкент-Ташкент» теміржол магистралын салуда бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Келіссөз қорытындысы бойынша А. Мамин мен А. Арипов «Орталық Азия» ХСЭЫО қызметін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ теміржол көлігін дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы хаттамаға қол қойды.

«Орталық Азия» ХСЭЫО «Жібек Жолы» (ҚР) және «Гишт Куприк» (ӨР) өткізу пункті ауданында орналасатын болады. Орталықтың жалпы аумағы – 400 га, өткізу мүмкіндігі 35 мың адамды және екі бағытта тәулігіне 5 мың жүк көлігін құрайды.

Орталық Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен инвестициялық жобаларын іске асыру үшін ірі өнеркәсіптік және сауда-логистикалық алаңға айналуға арналған. Өнеркәсіптік кооперацияның неғұрлым перспективалы бағыттары өңдеу секторы, АӨК және жеңіл өнеркәсіп болып отыр. 

«Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері өзара сауда-саттық деңгейін $10 млрд-қа дейін жеткізу міндеті бойынша жұмыс істеуде. Бүгін іске қосылатын жоба осы мақсатқа қол жеткізуге қызмет етеді және екі мемлекеттің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады», — деді А. Мамин.

Қазақстан тарапы Өзбекстанның Сухандария және Ферғана облыстарында үш көтерме-тарату орталығын ашу арқылы ҚР мен ӨР арасында бірыңғай тауар өткізу жүйесін құруға қызығушылық білдірді, оның жалпы инвестиция көлемі $22,5 млн және ауыстырып тиеу қуаты жылына 67 мың тоннаны құрайтын болады. 

Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрі Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы жаңғыртылған «Б. Қонысбаев» өткізу пунктіне барды. 2019 жылғы шілдеден 2020 жылғы желтоқсан аралығында жүргізілген реконструкциядан кейін оның құрылыс алаңы 2 есе 6 га дейін, қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін, паспорттық бақылау кабиналарының саны 6-дан 16-ға дейін ұлғайды, заманауи инспекциялық-тексеріп қарау кешендері орнатылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде пункттің өткізу мүмкіндігі екі бағытта тәулігіне 150-ден 1 мың автомобильге дейін, 6 еседен астамға өсті, өту уақыты 60 минуттан 25 минутқа дейін 2 есеге қысқарды.