Қазақстанда жыл басынан бергі ЖІӨ-нің өсу қарқыны минус 1,6%
Бірінші тоқсанда макроэкономикалық көрсеткіштер жақсарған
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2021 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалуда. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсу 7,9%-ға дейін жеделдеді, ал негізгі капиталға инвестициялар 34% деңгейде өсті. Жылдық инфляция 7,0%-ға дейін баяулады», - деп хабарлады Әсет Ирғалиев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, нақты сектор салаларының басым бөлігі тұрақты өсім көрсетті. Бұл - құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы саласы. Сондай-ақ, ақпарат және байланыс саласында 9,9 % өсім байқалады.
«ЖІӨ-нің өсу қарқыны осы жылғы қаңтар-ақпандағы минус 2,9%-дан қаңтар-наурызда минус 1,6% - ға дейін жақсарды. Өңдеу өнеркәсібі салаларында өсу қарқынының жеделдеуі байқалады. Серпінді өсім машина жасауда 21,8% - ға, оның ішінде автомобиль құрастыруда 20,7% - ға тіркелді», - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ, құрылыс материалдары өндірісі 30,1% - ға, химия өнеркәсібі өнімдері - 14,2% - ға, пластмасса бұйымдары - 22,3% - ға, киім-кешек-25,8% - ға, жиһаз-19,2% - ға, фармацевтика-9,1% - ға өсті.