Әкімдер корпоративтік табыс салығын ұқсата ала ма?
«Azattyq Rýhy» сарапшылары бұдан былай әкімдер ең алдымен кәсіпкерлікті дамыту бойынша сыналатынын айтады

Биыл тамыз айында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы (КТС) 2020 жылдан бастап жергілікті бюджетке аударылатынын мәлімдеген еді. Ведмоство басшысының айтуынша, бұл бастама аймақтарды дамытуға айтарлықтай әсер етпек. 2020-2022 жылдары 13 аймақ субвенциялық, ал 4 өңір донор ретінде қалады. Тиісінше, республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге бөлінетін трансферттер көлемі 2019 жылы 60,3%, 2020 жылы 53,6$, ал 2022 жылы 49,3$-ға дейін сатылап қысқара бермек. Оның орнын шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жабады деген үміт басым.
2019 жылғы алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткіш бойынша Алматыда қазынаға түсетін қаражат көлемі өткен 5 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Биыл 2,6 трлн. теңгені құраса, былтыр 2,2 трлн. теңге болған. Түсім бір жылда 10,2 пайызға дейін артып отыр
Аймақтардың ішінде жергілікті бюджетке көп қаржы құятын - Түркістан облысы. Оның көлемі 307,5 млрд. теңге, бұл көрсеткіш республикалық үлестің 11,9 пайызын құрайды. Ал Алматы қаласының үлесі 264,7 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,7 пайызға (245,8 млрд. теңге) артқан. Алғашқы үштікке Алматы облысы кіреді, өңірде жергілікі бюджеттің түсетін қаржы көлемі 225,5 млрд. теңгеге жеткен. Былтырғы көрсеткіш 185,7 млрд. теңге болса, бір жылда ол 21,3 пайызға өскен.
Алматы қаласы жаңадан ашылған шағын және орта бизнес субъектілері саны жағынан республика бойынша көш бастап келеді. Қазір мегаполисте жаңадан ашылған шағын кәсіпкерліктің саны 19,7 пайызға өсті, нақтырақ айтсақ, 17,6 мың ШОБ нысаны тіркелген.
Energyprom.kz берген мәлімет бойынша, бүгінде жаңадан ашылып жатқан ШОБ нысандарының саны 17 өңірдің 12-сінде төмендеген. Республика бойынша 6,5 пайызға азайып, 44,7 мыңға тұрақтаған.
Алматы қаласынан жиналатын салықтың 79 пайызы республикалық бюджетке түседі (62 пайызы салықтық түсімдер, 17 пайызы-кедендік алымдар). Қалған 21 пайызы жергілікті бюджетке түседі.
Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Айжан Бекееваның айтуынша, жарты жылда қаладағы 99 мың ШОБ субъектілерінің қатарына енетін 72 мың бизнес нысаны белсенді жұмыс атқарған. Олар салық ретінде 460 млрд теңгені қазынаға құйған. Оның ішінде КТС-тің үлесі 320 млрд. теңге.
БИЗНЕС-КЛИМАТҚА ОҢ ӘСЕРІ БОЛА МА?
Шағын және орта бизнестен түсетін КТС жергілікті бюджеттің кірістер базасына енсе, жергілікті атқаушы биліктің кәсіпкерлікке деген көзқарасы түзеле ме? «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Айтуар Қошмамбетов бұл жағдайдың қаладағы бизнес-климатқа тек жақсы әсерін беретінін, кәсіпкерлер үшін қаржыға қолжетімділік пен тиісті қаражаттардың бизнеске тезірек жету жолы жеңілдей түсер деген үміт басым екендігін айтады.
«Енді қалалық әкімдік пен салық органдары көлеңкелі кәсіпкерлікті заңды жұмыс істеуге шақыратын мүмкіндік алды деп айтуға да болады. Біз бұрыннан айтып жүрген кәсіпкерлікке салынатын барлық салықтарды біріктіру мен салықтық жеңілдіктерді бір ізге түсіру мәселесі өз-өзімен шешілуі тиіс. Бұл мәселені «Атамекен» палатасы көптен бері көтеріп келеді. ШОБ-тан түсетін КТС-ті жергілікті бюджет базасына енгізу - инвестицияны көбірек тартып, жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қатыстыра отырып дамытуға да жол ашар еді», - дейді Айтуар Қошмамабетов.
Алматыда былтыр 1,7 триллион теңге КТС жиналған. Оның бестен бірін ШОБ-тан түскен салықтық түсімдер құраған. Алатыда бұл көрсеткіш өзге аймақтарға қарағанда жоғары. Корпоративтік табыс салығының үлесі заңды тұлғалардан жиналатын алымның 42 пайызына тең.
«ҮКІМЕТ ЭКОНОМИКАНЫ ДҰРЫС ЖОСПАРЛАУДЫ ҮЙРЕНЕ БАСТАДЫ»
«Жергілікті билік республикалық бюджеттен белгілі бір жобаға қаражат алу үшін ұзақ уақыт жоғалтады. Ұсынылған жобаны жан-жақты дәлелдеген соң, ол қаражат бірнеше траншпен жетем дегенше көп уақыт жоғалтады. Қазір әкімдіктер үшін бұл жақсы мүмкіндік. Енді жергілікті атқарушы органдар өз аумағында бизнестің дамуына мүдделі болады. Тіпті аудандар арасында өзара жарыс немесе бәсекелестік пайда болуы тиіс», - дейді белгілі экономист Расул Рысмамбетов.
Сондай-ақ, сарапшы бұдан былай әкімдер ең алдымен кәсіпкерлікті дамыту бойынша сыналатынын айтты.
«Кім өз аумағында көп кәсіпорын ашса, бұл жергілікті бюджетті толтыратын тұрақты әрі ең оңтайлы құралға айналады. Сондықтан қолдауға тұрарлық бастама. Ендігі қадам салықты төмендету мәселесі мен банктер тарапынан несиенің үстеме ақысын азайту. Бұдан былай әкімдерге қойылатын басты талап кәсіпкерлікті дамыту болмақ және дәл осы көрсеткіш бойынша сыналады. Себебі көп аймақтарда жергілікті билік осындай салық түрлеріне өздері иелік етіп, сол арқылы бизнесті дамытуды көптен армандап келді», - дейді.
«Бұл Үкіметтің экономиканы құруды үйрене бастағанын көрсетеді. Енді Үкімет басшысы әкімге, ал әкім кәсіпкерлерге нақты талап қоя алады. «Сен кеше мынандай өнім саудаладың, бірақ салық неге аз?» деген сұрақты қойғанда, кәсіпкер де кері байланыс орнатып, өзіне не ұнамайтынын нақты айтып береді. Бизнестегі жағдайды ашық айтып, талап қойса, әкім кәсіпкердің қасынан табылып, оған көмектесуге мәжбүр болады. Өйткені, салық тікелей қала қазынасына түсетінін біледі. Мұны басқа емес, Тоқаевтың өзі айтып отыр. Егер аймақтарда кәсіпкерлік дамымаса, «әкім нашар, орнынан аламыз» деген шешімді барлық тарап түсініп, өзінше қортынды шығарады», - дейді сарапшы.
Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев жақында іскерлік ортамен кездесіп, Алматының экономикасы тікелей кәсіпкерлерге тәуелді екенін мәлімдеді. Себебі мегаполистегі салықтық түсімдердің 64 пайызын бизнестік құрылымдар береді. Бүгінде кәсіпкерлікке жағдай жасау және әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Алматының алты ауданында «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы құрылды. Ол жерде кәсіпкерлерге кеңес беретін барлық мемлекеттік органдардың мамандары отыратын болады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы