Миллионер Орифджан Шадиев тағы бір банкті «құрдымға жіберді»: салымшылар қайтпек?
AsiaCredit Bank лицензиясынан айырылды
Банк және құрылыс саласы арқылы байыған Орифджан Шадиев елдегі ықпалды 50 бизнесменнің бірі. Ол 2018 жылы Forbes тізімінде 26-шы орынға көтеріліп, дәулеті 177 млн АҚШ долларына дейін еселенген. Ал, 2019 жылы 32-ші орынға түссе, 2020 жылы қазақстандық миллионерлер тізіміне ілінбеген.
Орифджан Шадиевтің жол жөндеу, тұрғын үй құрлысы саласында ірі компаниялары бар. «One & Top» ЖШС, «PRIME System KZ» ЖШС және «Integra Construction KZ» ЖШС (бұрынғы «Жол Жөндеуші») және «PRIME System KZ» ЖШС арқылы италиялық «Todini Costruzioni Generali» компаниясымен серіктес. Соңғысын 2016 жылы € 51 млн сатып алған. Ал, «Жол Жөндеуші» кәсіпорны теміржол саласында шойынжол құрлысымен айналысады.
Ол олигарх Патох Шодиевтің немере інісі. Өзінің кәсібін 2007 жылы ENRC тобына қарасты логистикалық компанияға жетекшілік етуден бастаған. Сосын Жезқазған-Бейнеу (200 шақырым), Жетіген-Қорғас (250 шақырым) темір жолын салған «Жол Жөндеуші» компаниясына иелік етіп, өз алдына бизнес империясын құрады.
БАНК САЛАСЫНДА ЖОЛЫ БОЛМАҒАН КӘСІПКЕР
Кейін 46 жастағы кәсіпкер банк саласындағы бизнесте де өз мүмкіндігін байқап көреді. Ол 2012 жылы бахрейндік «TAIB Bank B.S.C» банкін сатып алады. Оның жеке капиталы 3,5 млрд теңгеге ($23,3 млн) артады. Бірақ үш жылдан соң жас бизнесменнен Ұлттық банк «ТАИБ Қазақ Банкі» АҚ лицензиясын қайтарып алуға мәжбүр болған. Себебі банк құрылтайшысы салымшылар алдындағы міндеттемесін толық өтемеген.
Бір рет аузы күйген Орифджан Шадиев 2015 жылы қайтадан банк сатып алуға бел буады. Ұлттық банк оған «ДБ RBS (Kazakhstan)» АҚ-ның ірі қатысушысы деген мәртебе береді. Ал, 2017 жылы кәсіпкер «Capital Bank Kazakhstan-ның» 100 пайыз акционері атанады. Одан кейін үндістандық Punjab National Bank-ке қарасты «Tengri Bank» АҚ үлесіне иелік етеді. Көп ұзамай «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» қаржы институтының акциясын толық сатып алады.
Орифджан Шадиев 2019 жылы AsiaCredit Bank, Capital Bank Kazakhstan және Tengri Bank толық иегерімін деп мәлімдеді. Бірақ 2020 жылдың жазында оның қарамағындағы банктердің қаржы айналымы төмендеп, кредиторлар алдындағы міндеттерін орындауды кешіктіргені байқалды. Бұл туралы қаржыгерлер дабыл қағып, БАҚ беттерінде жиі жазыла бастады. Жекелеген салымшылар былтыр сәуірде AsiaCredit Bank депозиттегі қаржыларын бермей отырғанын да мәлімдеген еді.
Оқи отырыңыз: «АзияКредит Банк» салымшылары депозиттегі ақшасын ала алмай жүр
Банктің иесі 2020 жылы қараша айында AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan банктеріне қосымша қаржы беретінін, қаржы институтын құрдымға кетуден құтқаратынын айтты. Акционер былтыр жыл басынан бері осы екі банкке 18,4 млрд теңге қосымша қаражат бөлген. Алайда, жағдай мұнымен тұрақталмаған. Қаржы институттарының салымшылары банк өз міндеттемелерін орындамады деп шағымдана берді.
Ақырында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «AsiaCredit Bank» АҚ лицензиясын кері қайтарып алғанын мәлімдеп отыр. Бүгін агенттік басқармасының қаулысына сәйкес қаржы инситуты банк және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметтерді жүргізу құқығынан айрылды.
Оқи отырыңыз: AsiaCredit Bank лицензиясынан айырылды
БАНКТІҢ ЖАБЫЛУЫНА НЕ СЕБЕП?
Қаржылық қадағалаушы органның ақпаратына қарағанда, банкте 2019 жылы қазаннан бастап клиенттерге тиісті қаражатты өтеу үшін өтімді активтердің жетіспеушілігі байқалған. Банк қаржы реттеуші белгілеген пруденциялық нормативтерді бұза бастады. Осы кезеңнен бастап агенттік тарапынан банкке қатысты жағдайын жақсартуға бағытталған 14 қадағалау шарасы қабылданды және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 73 хаттама жасалды, делінген хабарламада.
Айта кету керек, Орифджан Шадиев иелік ететін Tengri Bank те былтыр 18 қыркүйекте бағалы қағаздар нарығында банктік және басқа да операцияларды жүргізу лицензиясынан айрылған болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жыл басынан бері Tengri Bank-ке қатысты бірнеше рет мәлімдеме жасап, қаржы институтының AQR көрсеткіштері көңіл көншітпейтінін айтқан. Халықаралық консультанттар мен аудиторлық тексерулер нәтижесінде қаржы институты бірнеше талаптарға жауап бере алмаған.
Жақында Қаржылық мониторинг агенттігі Tengri Bank акционерлік қоғамының басшылығында болған екі адамға іздеу жариялады. Атап айтқанда, агенттік Tengri Bank АҚ әкімшілік-шаруашылық департаментінің бұрынғы директоры Бақытов Алмас Бақытұлын (1977 жылы туған) және банкке бағынышты компанияларының бірінің басшысы болған Рахметова (Байжанова) Тоғжан Тілеужанқызын (1991 жылы туған) іздеп жатыр.
Оқи отырыңыз: Tengri Bank лицензиясынан қағылды: банк салымшылары қайтпек?
БАНК ТАРИХЫ ЖӘНЕ АКЦИОНЕРЛЕР ҚАТАРЫНДА КІМДЕР БАР?
«AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ 1992 жылы құрылған. Бұрын Банк қаржылық қызмет көрсету нарығында «Лариба Банк» Бірлескен Банк» АҚ ретінде танымал болатын. 2009 жылы Банк ребрендинг жүргізіп, өзінің атауын «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ-ға ауыстырды. Банк филиалдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Павлодар, Өскемен, Қарағанды, Шымкент және Петропавлда бар.
Банктің жалғыз акционері – Орифджан Кабулұлы Шадиев. Ол 100% акцияға иелік етеді.
Ал, директорлар Кеңесінің құрамынан белгілі банкир, мемлекеттік қызметтерде де істеген Мақсат Қабашевты байқауға болады. Ол Индустрия және сауда министрлігінде, «Қазақ Инвест» АҚ, «Қазақ Ойл» және «Қазақстан Темір жолы» компанияларында жұмыс істеген. Оның банк саласындағы соңғы жұмыс орны «Альянс Банк» АҚ басқарумен байланысты еді. Естеріңізде болса, 2009-2014 жылдары Мақсат Қабышев басқарған осы қаржы инситуты әлсіреп, ақырында оны миллиардар Болат Өтемұратов сатып алды. Ребрендингтен өткен банк қазір «Forte Bank» деп аталады.
Директорлар кеңесінің екінші мүшесі Бауыржан Бармамбеков те квазимемлекттік сектор саласында көп жыл жұмыс істеген, кәсіпкер ретінде «Атамекен» палатасының Қарағанды облысы бойынша жетекшісі. «Қазақстан Темір Жолы», «Қазақтелеком», «Самұрық Қазына» қорында басқарушы қызметтерде болған. Бауыржан Бармамбековтің аты-жөнін «Транстелеком» және «Самұрық Энерго» компанияларымен аффилирленген тізімдерден байқауға болады. Ашық дереккөздерінен оның қаржылық қадағалау мекемелерінің қара тізімінде екені белгілі болды.
САРАПШЫ ПІКІРІ: ҰСАҚ БАНКТЕР ЖАҒДАЙДЫ ӨЗГЕРТПЕЙДІ
Белгілі экономист Жарас Ахметов капиталы шағын банктердің банкротқа ұшырауы ел экономикасына айтарлықтай кері әсер етпейді деп санайды. Себебі мұндай банктерге халық та қаржысын сеніп тапсыра бермейді. Соңғы жылдары жабылып жақан банктерде қаржысын ұстайтын заңды тұлғалар мен негізінен олардың кредиторлары зардап шегуі мүмкін, дейді сарапшы.
«Мысылы, «Дельта банк», «Тенгри банк», «АзияКредитбанк» деген сияқты қаржы инстиуттарына халық өз қаржысын сеніп тапсыра бермейді. Онда депозиттер де салыстырмалы түрде көп емес. Сондықтан жалпы қаржы нарығы үшін қандай да бір үлкен қауіп жоқ. Яғни олардың жабылып, ашылғанынан келетін өзгерісті көрмей тұрмын. Ондай капиталы аз, айтарлықтай пайда әкелмейтін қаржы институттары Ұлттық банк нормативтерін жиі бұзады. Нормативтерді бұзу деген не? Ол өз клиенттері алдындағы міндеттемелерін орындауға қаржысы жеткіліксіз деген сөз. Сондықтан жағдайды қиындап кетпес үшін тиісті агенттік лицензиясынан айыруға мәжбүр. Егер мұндай жағдайға үлкен банктер тап болса, мемлекет көмекке келеді, себебі онда қарапайым халықтың да қаражаты сақталады. Тиісінше үлкен қаржылық топтардың да активтері бар. Мысалы БТА Банкке Казком көмекке келді, Альянс банкке басқа да ірі олигархтар банктерін қосып алды», - дейді Ж. Ахметов.
«AsiaCredit Bank» АҚ-да 2020 жылы 1 ақпандағы жағдай бойынша 23 174 жеке тұлғаның депозиті бар. Олардың жиынтық қалдығы шамамен 19 млрд теңге. Лицензиядан айрылған күні AsiaCredit Bank-і өтімді активтерінің мөлшері 75 млн теңгені құрады, бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8,0 млрд теңгеден асады. Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7%-ның депозиттері ҚДКҚ кепілдігімен толық көлемде өтеледі.
Барлық сұрақ бойынша AsiaCredit Bank АҚ-ның уақытша әкімшілігіне: +7 (727) 330 88 11, +7 (727) 355 05 35 телефондары бойынша жүгінуге болады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы