Tengri Bank лицензиясынан қағылды: банк салымшылары қайтпек?
Қаржы инситутының 41,64 пайызына үндістандық акционерлер иелік етеді
Биыл 18 қыркүйекте бағалы қағаздар нарығында банктік және басқа да операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған Tengri Bank елдегі 50-ге жуық екінші деңгейлі банктің бірі болатын. Қаржы институты негізінен жеке тұлғалар емес, заңды тұлғаларға қызмет көрсетіп келген. Сондықтан банк лицензиясынан айырылғанда, салымшылар тарапынан айтарлықтай дүрбелең туған жоқ. Қазақстан банктері банкротқа ұшырағанда жеке тұлғалардың алаңдап, наразылық білдіретін кезеңдері Валют-Транзит Банк, Delta Bank және Астана банкіне қатысты жағдайлардан белгілі.
БАНКТІҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Azattyq Rýhy тілшісі ашық дереккөздердегі ақпараттар негізінде «Tengri Bank» АҚ-ның негізгі акционерлері туралы және лицензиядан айырылуына не себеп болғанын анықтауға тырысты. Қаржы институтының негізі 1992 жылдың қазанында бастапқы жарғылық капиталы 6 400 000 рубль болған «Данабанк» ЖБ ретінде қаланған. Ол 2006 жылдың 28 тамызында заңды мекенжайының өзгеруіне байланысты қайта тіркеуден өтіп, банктің бас кеңсесі Павлодар қаласынан Алматы қаласына көшіріледі. Ал 2010 жылы Punjab National Bank (Үндістандағы екінші ірі банк - авт.) «Данабанк» акцияларының бақылау пакетіне ие болған.
«PNB Қазақстан Банкі» АҚ-ның жаңа даму стратегиясының аясында 2016 жылдың 9 наурызында банк атауы «Tengri Bank» АҚ деп өзгертілді.
Осы күні Punjab National Bank қаржы институтының 41,64 пайызына иелік етсе, қалған 58,36 пайызы – қазақстандық акционерлердің еншісінде.
Банк шағын және орта бизнес компаниялары үшін жоғары технологияларды пайдаланатын үздік инновациялық банк құру идеясын мақсат етіп қойған. Коммерциялық банктің ресми сайтындағы акционерлер деген бөлімде Андрей Катков – басқарма төрағасының міндетін атқарушы деп көрсетілген. Ал Расул Сагидрахманұлы Қосанов – басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі. Ол белгілі саясаткер Әміржан Қосановтың туған інісі. Соңғы 5 жылда Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалды басқарған Расул Қосанов осы жылдың тамызында жаңа қызметке келген.
Ал Үндістан жағынан басқарма төрағасының орынбасары ретінде Гатредди Бабуджи есімі жазылған. Директорлар кеңесінің төрағасы – Ержан Блокұлы Шайкенов. Оның үш бірдей орынбасары да - үндістандық менеджерлер. Директорлар кеңесінің тағы бір мүшесі, тәуелсіз директорлар қатарында Евгений Сейпульник бар. Ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қоғамдық кеңесіне төрағалық етеді (Жақында БЖЗҚ-дан әрбір салымшы 10 пайыз жинағын алса болады деген ұсыныс айтқаны үшін қаржыгерлердің сынына ұшыраған еді).
TENGRI BANK НЕ ҮШІН ЛИЦЕНЗИЯСЫНАН АЙЫРЫЛДЫ?
LS ақпарат агенттігінің жазуына қарағанда, қазақстандықтардың банк алдындағы берешегі күн санап артып келеді. Қарызы қордаланғандардың дені - Capital Bank пен Tengri Bank тұтынушылары.
Ұлттық банктің дерегінше, Қазақстандағы қаржы институттарының активі 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 29,5 трлн теңгеге жеткен. Ал банктердің несиелік портфелі 2020 жылдың басынан бері 500 млрд теңгеге өскен. Көш басындағы екінші деңгейлі банктер арасында Capital Bank (90,39%), Tengri Bank (59,9%), AsiaCredit Bank (50,79%) және Jysan Bank (44,69%) келеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жыл басынан бері Tengri Bank-ке қатысты бірнеше рет мәлімдеме жасап, қаржы институтының AQR көрсеткіштері көңіл көншітпейтінін айтқан. Халықаралық консультанттар мен аудиторлық тексерулер нәтижесінде қаржы институты бірнеше талаптарға жауап бере алмаған.
Агенттіктің 17 қыркүйекте жарияланған қаулысында төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді жүйелі түрде (күнтізбелік он екі ай ішінде қатарынан үш және одан да көп рет) тиісінше орындамағаны және пруденциалдық нормативтер мен басқа да сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді бұзғаны үшін лицензиядан айырылды деп көрсетілді. Ол - 2007 жылдың 24 қазанында берілген банктік және өзге де операцияларды жүргізуге және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыру туралы құжат болатын.
Скриншот: «Tengri Bank» АҚ қаржы жағдайы туралы есеп
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан ақпаратта Punjab National Bank қазақстандық банктің қаржылық қорын толтыру үшін 16,9 млрд теңге бөлген. Бұл сома Tengri Bank салымшылары алдындағы міндеттемесін орындауға бағытталған. Агенттік проблемалық кредиттерді қайта қаржыландыруға қатысты шараларды қолға алған. Нәтижесінде, коммерциялық банктің серіктестері алдындағы міндеттемелері 26,4 млрд теңгеге дейін төмендеген.
Дегенмен, банктің жағдайы мұнымен түзеліп кетпеген. Tengri Bank-тің қарыз портфелі жыл сайын артып отырған. Банктің қазақстандық акционерлері үлестірген несие 2015-2017 жылдары 58%-ды құраса, соңғы жылдары банк активтерінің 83%-ы қайтпай қалған несие есебінде тіркелген. Бұл қаржы институтының жағдайын күрделендіріп жіберген. Агенттіктің ақпаратында банк ақша аударымына қатысты талаптарды да жиі бұзғаны айтылған.
Қаржы нарығын реттеуші мекеме Tengri Bank акционерлеріне 11 рет ескерту жасап, қаржылық заңнамаларды бұзғаны үшін 36 хаттама толтырған. Бұл Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің негізінде жүзеге асырылған. Агенттік банктің жеке капиталын толықтыру үшін 23 млрд теңге қажет екенін ескертіп, 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін рұқсат берген. Қаржы институтының ішіндегі корпоративтік басқару жүйесі мен мажоритарлық акуционерлердің өзара текетіресі де жағдайды ушықтырған. Банк басқарушыларының әрекетіне құзырлы органдар құқықтық баға беретіні белгілі болды.
KASE ДЕ TENGRI BANK-ТІ БИРЖАДАН АЛАСТАТТЫ
Tengri Bank бағалы қағаздар нарығында банктік және басқа да операцияларды жүргізуге қатысты лицензиясынан айырылғаны туралы хабарлама Қазақстан қор биржасына жолданған. KASE қор биржасының баспасөз қызметі хабарламаға сәйкес төмендегідей шешім қабылданғанын айтты:
«Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының ресми тізімінде тұрған «Tengri Bank» АҚ (Алматы), Қазақстан қор биржасына (KASE), Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасының «Tengri Bank» АҚ "Бағалы қағаздар нарығында банктік және басқа да операцияларын жүргізуге лицензиясынан айырғаны туралы" 2020 жылдың 17 қыркүйегіндегі №80 қаулысының көшірмесін ұсынды. Бұрын осы тақырыпта 2020 жылдың 18 қыркүйегіндегі "18 қыркүйектен бастап, KASE «Tengri Bank» АҚ сауда-саттыққа қатысудан шеттетті, биржадағы мүшелігін және банкакцияларымен сауда-саттығын тоқтатты»,- делінген Қазақстан қор биржасының ресми мәлімдемесінде.
Скриншот:«Tengri Bank» АҚ қор биржасына жолдаған хаты
БАНК САЛЫМШЫЛАРЫ ҚАЙТПЕК?
«Tengri Bank» АҚ – жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы. Яғни, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салымдарында, ағымдағы шоттары мен төлем карточкаларында орналастырылған ақшаларына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ) кепілдігі қолданылады. Бұл дегеніміз, агенттік банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке бір мезетте өткізу операциясын жүргізуден бас тартқан жағдайда, ҚДКБҚ салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеу шарасын жүзеге асырады.
ҚДКБҚ өтем төлеуді бастау күнін заңнамада бекітілген мерзімде хабарлайды. Яғни, төлемдерді жүзеге асыру шарасы ресми хабарлама Қор сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде басталады.
Еске саламыз, ҚДКБҚ кепілдік берілген өтемді депозиттегі қалдық сома шегінде, банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып төлейді:
- теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
- теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
- шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).
Жеке тұлға немесе жеке кәсіпкердің банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, ҚДКБҚ олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттің 5 млн теңгеден аспайтын кепілдендірілген қалдығы бойынша шектеу ескеріледі.
Банкті барлық банктік операцияларды жүргізуге арналған лицензиядан айырған күннен бастап негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) өтеу жөніндегі міндеттемелерді Банк борышкерлерінің жасалған банктік қарыз шарттарына және мәмілелердің өзге де түрлеріне сәйкес орындаулары тиіс екенін ескертеді.
Қарыздарды өтеуді және өзге төлемдерді төлеуді банктің өңірлік бөлімшесінің кассасына ақша енгізу жолымен қолма-қол есеп айырысу арқылы немесе екінші деңгейдегі банктер немесе «Қазпошта» АҚ арқылы келесі деректемелер бойынша қолма-қол ақшасыз есеп айырысумен жүргізу қажет делінген қаржы институтының веб-сайтында.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Tengri Bank» АҚ-ны лицензиясынан айырған соң, банктің уақытша әкімшілігінің құрамы тағайындалды. Коммерциялық банктің алдындағы барлық міндеттемелерді уақытша әкімшілік атқаратын болады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы