$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.12.2020, 15:02
Экономика

Тұтынушы алған чегінен пайда көрсе, көлеңкелі бизнес те азаяды – экономист

Коронадағдарыс мемлекеттік бюджетке түскен салық түсімдерінің сомасына қаншалықты әсер етті?

Тұтынушы алған чегінен пайда көрсе, көлеңкелі бизнес те азаяды – экономист
фото: Батыржан Беспаев

Биыл Қазақстанның үшінші елдермен тауар айналымы 13 пайызға төмендеді. Өткізу бойынша айналымдар 11%-ға, оның ішінде республикалық мониторингтеу бойынша ірі кәсіпорындар бойынша бұл көрсеткіш 20%-ға төмендеді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жалпы, 11 ай ішінде мемлекеттік бюджетке түскен салық түсімдерінің сомасы 7 472 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 8,5 (691,6 млрд теңгеге) пайызға төмен. Оның ішінде республикалық бюджетттегі салық түсімі 20 пайызға азайғанымен, жергілікті бюджет бойынша бұл көрсеткіш 23,8 пайызға өскен.

Әлемдік дағдарыс азаматтарды ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің бюджет қорын да қысымға алғаны рас. Министрлік берген ақпаратқа сүйенсек, алдын ала деректер бойынша 2020 жылы шығынға ұшыраған салалар бойынша республикалық бюджетке түсетін салық түсімі шамамен 300 млрд теңгені құрамақ. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікпен операциялар, тұру және тамақтану жөніндегі қызметтер, өзге де қызмет түрлерін ұсыну, өнер, ойын-сауық және демалыс, әуе жолаушылар көлігі қызметі, автобустармен тасымалдау, жолаушылар теміржол көлігі салалары бар.

Мамандардың пікірінше, жаһанды жайлаған коронадағдарыс кезінде отандық қаржы жүйесі өзге мемлекеттермен салыстырғанда қатты зардап шекпеген. Оның үстіне, елімізде ең төмен салық ставкалары бекітілгенін ескерген жөн. Мәселен, жеке тұлғаның табыс салығы бойынша ставка Қазақстанда 10%-ды құраса, Еуропа елдерінде ол 40-50 %-ға дейін жетеді.

«Пандемия салдарынан туындаған әлемдік қаржы дағдарысы кезінде салық түсімдерінің 8,5 пайызға төмендеуі жаман көрсеткіш емес. Өйткені, көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Айналым азайғандықтан, табыс та, салық түсімдері де күрт төмендеді. Бұдан бөлек, акциздік салықтардың немесе қосылған құнға салынатын салықтың төмендеуі, не жоғарылауы сынды жағдайлар болады. Яғни, мұндай экономикалық процестер бұрыннан бар. Бірақ бізде соңғы 4-5 жылда салықтық түсімдердің жоспары 110-115 пайызға дейін артығымен орындалып жатыр», - деді экономист Бауыржан Ысқақ.

Мемлекеттік бюджет қорының негізгі көзіне айналған салықтық түсімдердің жоспары осы жылдың 11 айында 102,5 пайызға орындалған. Бүгінде елімізде салық төлеу жүйесін жетілдіру шеңберінде бірнеше бағдарлама жүзеге асырылды. Мәселен, ақпараттық технологияның қоғамда кең етек жаюы сауда-саттық алаңындағы фискалдық әкімшілендіруді жүйесін жетілдіруге сеп болды. Қаржы министрлігі 2019 жылдан бастап тәуекелдерді басқарудың ақпараттық жүйесін пайдалана бастады. Белгілі болғандай, Кірістер комитетінің жүйелері мен үшінші тұлғалардан алынған мәліметтер негізінде тәуекелдердің 54 түрлі моделі құрылды.

Тауарларды қадағалау проецесі ең алдымен кедендік ақпараттық жүйелерінен басталды. Бүгінде «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінде тауарларға арналған декларациялардың барлығы 100% электрондық түрде ұсынылады. Бұл заңнама нормаларының әртүрлі оқылуын барынша азайтуға ықпал етті.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, аталған жүйе енгізілген сәттен бастап 2,6 млн астам кедендік декларация тіркелді. Құжаттардың 2 млн-нан астамы автоматты режимде 1 минут ішінде шығарылған. Осылайша, жыл басынан бері қосымша түсімдер сомасы 23 млрд теңгеден аса соманы құрады.

Бұдан басқа, «Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйесі арқылы рұқсат беру құжаттарына электронды түрде өтініш жіберу процесі жүзеге асырылды. Бүгінде порталға 2300 пайдаланушы тіркелген. Экономикалық кеңістікті цифрландыру жолындағы тағы бір тиімді жоба - «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылдың 1 қазанында порталға 483 мың пайдаланушы тіркелген. Бүгінгі күнге дейін 450 млн астам электрондық шот-фактура жазылды. Жыл басынан бері қосымша түсімдер сомасы 68 млрд теңгені құрады.

Тауарларды қадағалаудың соңғы буыны - онлайн бақылау-касса машинасы. Бұл технологияны биылдан бастап қолдану міндеттелді.

Қазір еліміздегі онлайн бақылау-касса машинасының саны 710 мыңды немесе БКМ жалпы санының 97,5%-ын құрайды екен. Түскен пайданың сомасы - 33 млрд теңгеге жуық.

2019 жылдың желтоқсан айынан бастап eSalyq – «Салық әмияны» мобильді қосымшасы іске қосылғаны белгілі. Бүгінде «Салық әмиянын» пайдаланушылар саны 78 мыңнан асқан екен.

Цифрландыру жүйесі елдегі салық түсімдерінің жұмысын жетілдіруге оң пайдасын тиігізіп жатқанымен, көлеңкелі бизнеспен табыс тауып жатқандардың саны әлі көп. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың 9 айында 7 мыңнан аса салықтық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде салықтан жалтарған кәсіпкерлерден 58 млрд теңге сома көлемінде қаражат өндірілді.

Сондай-ақ, экспорттық бақылау кезінде қате декларациялау фактілері де тіркелді. Мәселен, жыл басынан бері тексерілген 2,5 мың көліктің 2,3 мыңы бойынша мәліметтердің сәйкессіздігі анықталды.

Жалпы, көлеңкелі бизнеспен күресу үшін билік 10-нан астам пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Олардың арасындағы «Дәрілік заттар бойынша ЭШФ жазу жөніндегі» пилоттық жобасы биыл іске қосылды. Ал «Азаматтық бақылау – чекті талап ет» жүйесі кірістерді жасыратын азаматтардың қызметіне жол бермеуді дәріптеуге бағытталған. Бүгінде мобильді қосымша арқылы чектердің берілмегені туралы 11,5 мың хабарлама келіп түсті, оның ішінде 4,3 мыңы расталды. Олар бойынша 904 мың теңгеге сыйақы төленді.

Экономист Бауыржан Ысқақ көлеңкелі экономиканы жоюға кедергі болып жатқан қоғамның өзі дегенді алға тартады. Мәселен, қарапайым азық-түлік дүкенінде клиент тауардың ақшасын телефон қосымшасы арқылы сатушының шотына аудара салғанды жөн көреді. Бұл да көлеңкелі бизнестің негізгі факторы.

«Жалпы, көлеңкелі бизнесті жоюдың тиімді жолы – ынталандыру. Бірінші кезекте тұтынушылардың қаржылық сауатын арттыру керек. Бұл орайда комитет чектерге қатысты түрлі ұтыс шараларын өткізсе тиімді болар еді. Немесе чекте көрсетілген соманың 3-4 пайызы клиенттің телефонына бірлік ретінде кері қайтарылатын болса, тұтынушылар кез келген сауда орындарынан чектерді талап ететін болады. Сондай-ақ қазір қоғам арасында танымал болған Kaspi Gold қосымшасын кәсіпкерлерге заңды тұлға ретінде пайдалануға міндеттеу керек. Тағы бір тиімді ұсыныс бар. Қазір жалақысын қолма-қол алып, салық төлегісі келмейтін азаматтар да бар. Ал келер жылдан бастап Үкімет азаматтарға зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алуға рұқсат беріп жатыр. Мұндай жаңалықты естігендер, әрине зейнетақы қорына ай сайын жалақысының тиісті мөлшерін құйып отыруға ынталанды. Осындай тәсілдер де көлеңкелі экономиканың күшін жоюға ықпал етеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен заңсыз айналысатын тұлғаларға тағайындалатын айыппұл көрсеткішін көбейту керек», - деді Бауыржан Ысқақ.

Мемлекеттік кірістер комитеті бизнесті ұсақтау және жалақыны «конвертте» беру арқылы салық төлеуден жалтаруға қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты күшейтпек. Алдағы уақытта тоғыз автокөлік пен бір теміржол өткізу пунктін қайта жаңарту және техникалық жарақтандыру жұмыстары басталады.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары