$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.12.2020, 10:31
Экономика

Желтоқсан айының басынан бері теңге нығайды – Ұлттық банк

Ұлттық валюта осы айда 1,2%-ға қымбаттады

Желтоқсан айының басынан бері теңге нығайды – Ұлттық банк
Фото: ашық дереккөзден

Валюта нарығындағы жағдай туралы ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Сыртқы қолайлы конъюнктура экспорттаушылардың ағымдағы жылдың қараша айында шетел валютасын сатуы есебінен өсіп отырған ішкі ұсыныспен қатар АҚШ доллары үшін айырбас бағамын 1,8%-ға 432,66-дан 425,07 теңгеге дейін нығайтуға ықпал етті», - деді Үкімет отырысы барысында Ерболат Досаев.

Сонымен бірге, Ұлттық банк басшысы қауіпті активтерге сұраныстың артуына бірнеше фактор әсер еткенін айтты. Олар бірнеше вакцинаның сәтті сынақтан өтуі жөніндегі хабарламалар және АҚШ-тағы президенттік биліктің ресми берілуі. Осы себепті, қараша айында мұнай бағасы барреліне 37,5 доллардан 47,6 долларға дейін, яғни, 27%-ға өсті.

«Желтоқсан айында ОПЕК+ өндірісті біртіндеп арттыру туралы шешім қабылдағаннан кейін мұнай бағасы сенімді түрде жоғарылайды. АҚШ доллары индексінің төмендеуі дамушы елдер валюталарының динамикасына оң әсерін тигізді. Осылайша, Бразилия реалы бір айда 6,6%-ға, түрік лирасы 6,2%-ға, Оңтүстік Африка ранды және Мексика песосы 4,7%-ға, Ресей рублі 3,7%-ға нығайды», - деп атап өтті Е.Досаев.

Осы жылдың қараша айында Ұлттық қор активтерін кепілдік берілген трансферт шеңберінде айырбастауы және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін міндетті түрде сатуы валюта нарығындағы теңгерімдікке қосымша фактор болып қала берді.

«Биржадағы сауда-саттық қорытындылары бойынша, айырбас бағамы 9 желтоқсанда бір АҚШ доллары үшін 419,92 теңгені құрап, ай басынан бері тағы 1,2%-ға нығайды», - деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары