Қазақстанда азық-түлік бағасы 10,8%-ға, киім-кешек 4,7%-ға қымбаттады
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметінің ақысы да артқан
Қазақстанда азық-түлік 10,8 пайызға, киім-кешек 4,7 пайызға қымбаттаған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-қарашадағы республикалық бюджеттің орындалуы мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қаралып жатыр.
Досаев атап өткендей, қарашада инфляция деңгейі бір ай бұрынғы 7,1% көрсеткіштен 7,3% көрсеткішке жеткен.
«Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне ең көп үлес қосты. Нарықтарда жекелеген тамақ өнімдерінің, мәселен, өсімдік майы, қант сияқты өнімдердің теңгерімсіздігі күшейгеннен кейін, азық-түлік тауарларының бағасы бір жылдағы 10,7%-дан 10,8%-ға дейін қымбаттады.
Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның жылдам өсуіне киім бағасының 4,7%-ға артуы себеп болып, жалпы азық-түлік емес тауарлардың инфляциясы 5,6%-дан 5,7%-ға өсті», -деді Ерболат Досаев.
Қарашада тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, мәдениет пен демалыс саласындағы қызметтер бағасы қымбаттаған соң, ақылы қызметтер инфляциясы 4,1%-ға өскен.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан