$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.11.2019, 12:30
Экономика

Годунова екі сөйледі: Бюджет қаражатын игере алмағандар қалай жазаланады?

Есеп комитетінің төрайымы 3 апта ішінде өз сөзінен өзі айнып қалды

Годунова екі сөйледі: Бюджет қаражатын игере алмағандар қалай жазаланады?

БЮДЖЕТ «ЖЫРЫ»

Есеп комитеті, Қаржы министрі, қала берді депутаттар қазына қаражаты дер кезінде игерілмей жатқанын айтып жыл сайын дабыл қағады. Ақшаның игерілмеуі - қаражат ұрланды, ізім-ғайым жоғалды деген сөз емес. Тек жоспарланған уақытта жұмсалмаған. Демек, белгілі бір жобалар өз мерзімінен кешігіп орындалып жатады дегенді білдіреді. Мысалы, жол салынбай қалды, мектеп құрылысы аяқсыз қалды дегендей.

Қазақстанда бюджеттің уақытында игерілмеуіне көп жағдайда «тендерге талас» кесірін тигізеді. Яғни, мердігерді анықтағанша, дау-дамай, талас-тартыс соңы сотқа ұласып, мемлекеттік сатып алулар процесі ұзақ мерзімге кешігеді.

Осылардың барлығын ескергеннен бе, жақында Үкімет бюджет қаражатын дер кезінде игере алмайтындарды жазалау туралы бастама көтерді. Бұған дейін болмаған әкімшілік жаза, яғни айыппұл салу туралы ұсыныс айтыла бастады. 

225 МЫҢ & ИГЕРІЛМЕГЕН МИЛЛИАРДТТАР 

23 қазанда Сенаттың жалпы отырысында Бюджеттік заңнаманы жетілдіру бойынша есеп берген Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов айппұл көлемі туралы әңгіменің шетін шығарды. Ол бюджет әкімшілеріне 100 АЕК көлемінде айппұл салынуы мүмкін деді. Қазіргі есепке салсақ - 225 мың теңге. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары, яғни министрлер мен әкімдер үшін, мұндай сома қаншалықты «ауыр жаза» ретінде қабылданады? Мысалы, Әлихан Смайылов жыл басынан бері 68 млрд теңге игерілмей қалғанын сейсенбі күні Үкіметте айтты. Иә, бірден басымызға «миллиардтар қасында 225 мың теңге не тәйірі» деген ой келеді.
Ал, 25 қазанда тағы да Сенат қабырғасында Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова игерілмеген қаржы үшін бюджет әкімшілеріне 100 АЕК көлемінде айыппұл салынатыны туралы ақпаратты растап, сұхбат берді. Ол мемлекеттік бағдарламаның әр тармағы бойынша әкімшілік жазаға тарту керегін айтып берді. 

видео: 25.10.2019, AtamekenTV

ТӨРАЙЫМ НЕГЕ СӨЗІНЕН ТАЙҚЫП КЕТТІ? 

Ең қызығы, Годунова ханымнан екі күн бұрын Azattyq Rýhy тілшісі министрлер мен әкімдерге 100 АЕК көлемінде айппұл салу тым жұмсақ жаза емес пе деп сұрап көрген еді. Есеп комитетінің төрайымы бюджет қаражатын жарата алмағандарды қаржылай жазалауға мүлдем қарсы екенін айтты. Тіпті, қазіргі таңда қазына қаражаты 99,9 пайызға игеріліп жатыр, сондықтан мұндай жаза қолданудың ешбір мәні жоқ деді. 

Видео: 13.11.2019, Azattyq Rýhy

Дегенмен, Қаржы министрі осы сейсенбіде Парламент бюджеттік заңнамаға тиісті түзетулерді қабылдағанын айтып, жауапты тұлғаларға ескерту жасады.

«Ол түзетулер бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалануда жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Осы бұзушылықтарға енді әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл ретте, әкімшілік жауапкершілікке бюджеттік бағдарламалардың жетекшілері ғана емес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары да тартылады. Бұл түзету 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді», - деді Әлихан Смайлов. 

Мөлдір Бақытқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары