Kaspi Gold аударымдары үшін салық төлемейді – Қаржы министрі
Қаржы министрлігі мобильді қосымша арқылы жасалған ақша аударымдарынан қосымша төлемдер мен салық алуды жоспарлап отырған жоқ

ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов Kaspi Gold секілді халық арасында кең тараған банк карталары аударымдарын бақылау жөніндегі алып-қашпа әңгімелерге қатысты пікір білдірді.
«Қаржы министрлігі мұндай аударымдардан қандай да бір қосымша төлемдер немесе салық алуды жоспарламайды, оның үстіне жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарына тексеру жүргізу тіптен көзделмейді. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру бойынша ыңғайлы және қазіргі заманғы инфрақұрылымды дамыту үшін біз банктермен етене жұмыс жасаймыз», - деді Ә.Смайылов.
Дегенмен, Kaspi төлемдерін кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын кәсіпкерлер бұл міндеттемелерден босатылмайды.
«Кәсіпкерлік міндетті түрде ашық болуы керек. Кәсіпкерлер заңнамаға сәйкес фискалдық чектер беруге, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн кассалық бақылау машиналарын пайдалануға міндетті. Түбіртектің болуы тұтынушылар құқығын қорғау үшін маңызды», - дейді қаржы министрі.
Дүкендерде, кафелерде мобильді қосымшамен жасалған аударымдар үшін кәсіпкерлерден салық алу мақсатында келер жылы арнайы жоба жасалмақ. Ол онлайн кассалық бақылау машиналарын автоматты түрде салық есебін шығара алатын POS-терминалдармен біріктіру арқылы жүзеге асуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: «Табыс табатындардың бәрі салық төлеуі керек»: вице-министр Kaspi Gold төлемі туралы
Бұл шара мемлекет басшысының 2020 жылдан бастап шағын бизнесті 3 жылға салық төлеуден және тексерулерден босату туралы тапсырмасының жүзеге асуына кедергі келтірмейді.
«Осы мәселелердің бәрін назарға ала отырып, халықты алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырамын. Өйткені жеке тұлғалар үшін алаңдауға негіз жоқ», - дейді Қаржы министрі.
«Azattyq Ryhy» бұған дейін мемлекет Kaspi Gold-пен ғана төлем қабылдап, салықтан жалтаратын кәсіпкерлермен қалай күресетіні жайлы материал әзірлеген.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан