Қазақстанға құс етінің 75 пайызы АҚШ-тан тасымалданып отыр – АШМ

Ішкі нарықты толықтай отандық құс етімен қамту үшін 147 млрд теңге қажет

Қазақстанға құс етінің 75 пайызы АҚШ-тан тасымалданып отыр – АШМ
Фото: ашық дереккөзден

Қазіргі таңда елімізде құс етін өндіру халық қажеттілігінің 58 пайызын ғана қамтып отыр. Толыққанды қажеттілікті өтеу үшін тағы 171 мың тонна құс етін өндіру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.

«Қазір шетелден импортталып отырған 171 мың тонна құс еті елімізде өндірілетін болса, 177 млн АҚШ долларын немесе 77 млрд теңгені үнемдеуге қол жеткізіледі. Бұл мақсатта 2023 жылдың соңына дейін 19 құс фабрикасы іске қосылады. Олардың қуаты 285 мың тонна етті өндіруге мүмкіндік береді. Оның алтауы биыл ашылады деп жоспарланған. Бұған қосымша 147 млрд теңге қажет. Оның 69 млрд теңгесі несие алу арқылы жүзеге аспақ. Бұл мақсатқа 2023 жылдың соңына дейін жетеміз. Елімізде жаңа құс фабрикалары іске қосылып, қазір жұмыс істеп тұрған фабрикалардың қуаттылығы жаңа деңгейде жұмыс істейді», - деді министр.

Айта кетерлігі, шетелден импортталатын құс етінің 75 пайызы АҚШ-тан тасымалданады, бұл – шамамен, 130 мың тонна ет. Ал қалған 16 пайызы Ресейден, 4,2 пайызы Беларусьтен, 1,7 пайызы Украинадан жеткізіледі.

Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.