Қазақстан импорт үлесін азайту үшін 6,6 мың гектар жерге алма өсіруді жоспарлап отыр
Елімізге жыл сайын 128 мың тонна алма сырттан әкелінеді
Қазақстанда алманы жалпы тұтыну көлемі 344,3 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарықтың сұранысы бойынша жетпей жатқан 128 мың тонна алманы шет елдерден алдыру дағдыға айналған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.
«Алманың түсімділігі гектарына 40-45 тоннаны құрайды, ал ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтарда гектарына 7-10 тонна. Сондықтан алма бақтарының алаңдарын ұлғайту бойынша басты назарды ірі және орта шаруашылықтарға аудару керек, ал ұсақ шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру қажет», - деді министр.
Қазір республика бойынша жалпы алаңы 35,1 мың гектарда жалпы көлемі 216,5 мың тонна алма өндіріледі. Бұл ретте 34 ірі компания, 195 орта, 1370 шағын шаруашылық және жеке қосалқы шаруашылық айналысады.
Алманы жалпы тұтыну көлемі 344,3 мың тоннаны, импорт 128 мың тоннаны құрайды. Импорт үлесін азайту үшін 6,6 мың гектар жерге жаңа алма бағын өсіру жоспарланып отыр.
Алма бақтарын Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына, Шымкент қаласына шоғырландыру ұсынылды.
Айта кетерлігі, алмадан бөлек, жоғары сапалы көшет материалдарының жетіспеушілігі бойынша да мәселесі бар. Қазақстанда Ин-Витро технологиясы бойынша өнімділігі жоғары вируссыз көшет материалын шығаратын зертхана салу жоспарлануда. Зертхананың құны шамамен 10 млрд теңгені құрайды.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан