Ақмола облысында жел электр станциялары іске қосылды: бірақ энергия бағасы арзандамайды
Жоба жеке инвесторлардың есебінен салынған
Көкшетау іргесіндегі Красный Яр ауылында жел электр станциясы салынып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Жуырда көптен күткен құрылыстың алғашқы кезеңі аяқталып, станция пайдалануға берілді. Алайда, жергілікті тұрғындар электр энергиясының тарифі арзандамады деп реніштерін айтып отыр. Салаға жауапты мамандар болса жобаның шығыны көп екенін, арзаншылық алдағы уақытта да болмайтынын тұспалдады.
Алып қондырғылар орнатылып жатқанда Красный Яр тұрғындары қуанған. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады дейді.
«Елдің іргесінен жел электр станциясы салына бастағанын жұрттың бәрі жақсылыққа балап, қатты қуандық. Табиғи қуат көзі ғой. Күн санап өсіп жатқан тариф бағасы едәуір төмендейді деп күттік. Бірақ қуанышымыз су сепкендей басылды. Станция іске қосылғалы бір ай өтті. Пайдаланған энергия үшін жаңа келген түбіртек сол қалпы өзгермеген. Құны төмендемеді. Бағасы азаймаса, мұны бізге не үшін салды? Миллиардтаған қаржы бөлінгенін естідік. Халыққа пайдасы болмаса, ол ақшаны не үшін жұмсады?», - дейді Красный Яр ауылының тұрғыны Айдар Жанбағысов.
«Құлагер» атшабарының жанында орналасқан жел электр станциясы 24 шілде күні іске қосылған. Қондырғылар 3750 киловатт электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Яғни, станция 1500 тұрғын үйді табиғи қуат көзімен қамтамасыз ете алады. Бес қондырғы 1 миллиард 200 миллион теңгеге сатып алынған. Мұнымен қоса, осы көктемде 1 миллиард 500 миллион теңгеге Балтық елдерінен тағы жеті қондырғы жеткізілген. Станция инженерінің айтуынша, олар жыл соңына дейін іске қосылады.
«Баламалы энергия көзінен халықты энергиямен қамтамасыз ету еліміздегі электр қуатының тапшылығын, басқа елдерден электр энергиясын сатып алу көрсеткішін төмендетеді. Қазіргі таңда жел және күн сияқты табиғи энергия көздерінен электр өндіру көрсеткіші он пайыздан аспайды. Бұл көрсеткішті 40 пайызға жеткізу міндеттелген. Красный Яр селосындағы жел электр станциясының көмегімен біз осы аймақтағы энергия тапшылығын жоямыз. Жыл соңына дейін станция қуатын екі есе арттырып, үш мың үйге баламалы энергия көзінен электр қуатын бермекпіз. Станциядан шыққан қуат көзі «Көкшетау Энерго» электр желілері арқылы таратылады», - дейді станция инженері Санат Бибеков.
Инженер жел энергиясының тариф бағасына қаншалықты әсер ететініне жауап бере алмайтынын айтты. Мәселені жергілікті атқарушы органнан білуді жөн санап, Красный Яр селолық округының әкімі Нұрлан Айсинмен тілдестік.
«Қазіргі уақытта 3,75 мВт қуат беретін 5 электр станциясының қондырғысы жұмыс істеп тұр. Станция толығымен жеке инвесторлардың қаражатына салынған. Жергілікті атқарушы билік тек баламалы энергия көзін орнатуға арналған жер бөліп берді. Әрине, жел электр станциясы тариф құнының төмендеуіне әсер етсе жақсы болар еді. Бірақ біз оған еш ықпал ете алмаймыз. Тариф құнын тек Ұлттық диспетчерлік орталық қана реттей алады», - дейді Красный Яр ауылдық округының әкімі Нұрлан Айсин.
Өңірді электр энергиясымен қамтып отырған «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығы болса жел электр станциясынан шығатын баға аса жоғары екенін жеткізді.
«Жел электр станциясынан шығатын электр энергиясының құны аса қымбат. Бізден 1 кВт 15 теңгеден босатылса, одан 25 теңгеден шығарылады. Шығын сомасы аса үлкен. Баламалы энергия көзі ретінде экологияға зиян келтірмеуі ғана пайдалы. Жел электр станциясынан өндірілетін электр энергиясы біздің желілерімізден таратылады. Қуат күші шамамен, Красный Яр селосының тұрғындарын қамтамасыз ете алады», - дейді «Көкшетау Энерго» бас инженерінің орынбасары Владимир Попов.
Бұл уәжбен аталған станцияны салған «Вичи» ЖШС басшылығы келіспеді.
«Біз тек электр энергиясын өндіреміз. Қуаты шамамен, 3,5 мВт қана болады. Тариф бағасына біздің қатысымыз жоқ. Құны шамадан тыс деп айта алмаймын. Электр энергиясының бағасын KEGOC ұлттық компаниясының есептік қаржылық орталығы ғана реттей алады. Бұл баламалы энергия көзі болғандықтан, экологияға еш зиян шектірмейді. Мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған іргелі жоба «Жасыл энергия көздері» бағдарламасымен орындалды. Жел электр станциясы бірден өз шығындарын ақтай алмайды. Шамамен, 7-10 жылдан кейін ғана орны толады», - дейді «Вичи» ЖШС директоры Владимир Иванов.
Ақмола облысына осыған дейін Ерейментау ауданында алғашқы жел электр станциясы салынған. Тариф бағасы мен станцияның салу құнын салыстырмақ болып аудан басшылығымен хабарластық. Аудан әкімінің айтуынша, бұл кешенде жел электр станциясының үшінші жобасы жүзеге аспақ.
«Алғашқы жоба аясында «Самрұқ Энерго» компаниясы 4 миллиард теңгеге 22 қондырғы орнатқан. Кейін екінші жобамен 6 миллиард теңгеге 15-і, сондай-ақ биыл үшінші жоба бойынша 26 миллиард теңгеге 12-і орнатылады. Қондырғылар құнының әртүрлі болуы олардың көлемінің бұрынғы орнатылғанына қарағанда үлкен болуына байланысты болып отыр. Бұлардың бәрі жеке инвестиция қаржысы есебінен салынған. Жел электр станциясы өтелуі үшін мемлекеттен субсидия беріліп келеді. 170 миллион теңге шамасында салық төлейді», - дейді Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов.
Аудан әкімі қондырғылар құнындағы баға алшақтығын, олардың көлемі және электр энергиясын өндіру мүмкіндігіне қарай болғанымен түсіндірді.
Баға тарифіне толыққанды жауап ала алмағандықтан, KEGOC ұлттық компаниясымен де байланысқа шықтық. Компания тек энергияны тарату қызметін атқаратынын, сондықтан баға тарифіне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Аталған мәселе бойынша еліміздің Энергетика министрлігінен жауап алуға тырыстық.
«Тариф құнының әсері жайлы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2020 жылғы 15 қаңтардағы №15 бұйрығымен 2020-2026 жылдарға арналған жеті жылдық болжамды теңгерім бекітілді. Теңгерімнің деректеріне сәйкес, Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде ескі энергетикалық қуаттарды шығаруды және жаңа энергетикалық қуаттарды енгізуді ескере отырып, 2025 жылға дейін электр энергиясы мен қуатының профициті күтіледі. Электр энергиясы мен қуатының болжамды теңгерімі ЖЭК қуаттарын енгізуді ескере отырып әзірленді», - деді министрліктің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасында және «Қазақстан-2050» Стратегиясында елдің энергия теңгеріміндегі баламалы және жаңартылған энергия түрлерінің үлесін 2020 жылы 3%-ға дейін, 2030 жылы 30%-ға дейін және 2050 жылы 50%-ға дейін жеткізу мақсаттары айқындалған.
2009 жылы Қазақстанда жаңартылатын энергетика секторын дамытуды қолдау жөніндегі алғашқы заңнамалық бастамалар қабылданды. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға бағытталған «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңы қабылданған. 2013 жылы жаңартылатын энергетика секторын мемлекеттік қолдау тетігі іске қосылды, ол жаңартылатын энергия көздері өндіретін барлық электр энергиясын тіркелген тарифтер бойынша және 2018 жылдан бастап аукциондық бағалар бойынша орталықтандырылған кепілдендірілген сатып алуға негізделген, ол дәстүрлі станциялар өндіретін электр энергиясынан жоғары болып тұр.
«Бүгінгі таңда елімізде 104 жаңартылатын энергия объектісі бар, олардың жиынтық белгіленген қуаты шамамен 1500 МВт-ты құрады, оның ішінде 22 ЖЭС қуаты – 384 МВт (2014 жылы жалпы қуаты 177 МВт болатын 26 объект болды). Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған барлық нысандар бюджет қаражатын тартпай инвестициялар есебінен салынған. Жыл сайын инвестиция тарту ел экономикасын жақсартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ ЖЭК нысандарын салу кезінде жұмыс орындары құрылуда (1300-ге жуық адам ЖЭК 104 объектісінде жұмыс істейді). ЖЭК секторы-экономиканың инновациялық бағыттарының бірі. Жаңартылатын энергияға көшу адам үшін де, табиғат үшін де оқиғаларды дамытудың ең жақсы нұсқасы болып табылады. Қазақстанда ЖЭК дамыту және мақсатты ұлттық индикаторларды қабылдау Париж келісімін орындау үшін Қазақстан қабылдаған міндеттемелерге, орнықты даму қағидаттарына сәйкес келеді. Тұрақты энергетика үшін ЖЭК маңыздылығын түсіну ЖЭК секторын жоспарлы түрде дамытуға мүмкіндік береді», - деп толықтырды энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Жалпы, баламалы энергия көздерінен оның ішінде, жел энергиясымен ел қажеттілігін толықтай қамтамасыз етіп отырған елдер аз емес. Мәселен, Қытай, АҚШ, Германия, Испания, Дания елдерінде тұтынатын энергияның жартысынан астамы жел энергиясынан алады.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы