Қазақстан соңғы 9 жылда Ресейден 58 мың, Америкадан 32 мың бас ірі қара импорттаған
Министрліктің мәліметінше, асылтұқымды мал бағасы 700-750 мың теңге шамасында
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, биыл елімізге 95 мың бас етті және сүтті ірі қара мал әкелу жоспарланған деп бұдан бұрын хабарлағанбыз.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, шет елден ІҚМ әкелу есебінен бүгінгі таңда асылтұқымды мал басының үлесі едәуір өсіп, 12 пайызды құрады.
Министрліктің мәліметінше, сатып алынатын ірі қара малын қай елдерден әкелуге қатысты шектеулер жоқ. Ең бастысы, сатып алынатын елдер ветеринариялық ахуалы жағынан қолайлы болуы тиіс. Мал алыс және жақын шет елдерден әкелінеді.
«Статистика деректеріне сүйенсек, 2010-2019 жылдар аралығында импортталған барлық малдың ішінен, мысалы, АҚШ-тан әкелген мал 20% (32 120 бас), Австралиядан 14,8% (23 700 бас), Канададан 6,2% (10 000 бас), Германиядан 6,0% (9 600 бас), Венгриядан 1,7% (2 700 бас), Австриядан 2,5% (4 000 бас) , Ирландиядан 2,0%, Голландиядан 1,9%, Чехиядан 4,1%, ал Словения, Дания , Франциядан 0,5% шамасында мал әкелінсе, жақын шет елден, яғни Ресейден 36,5% (58 700 бас), Украинадан 1,6% (2 600 бас), Беларусь, Эстония, Литва, Латвиядан 0,5%-дан кем мал әкелінді»,- делінген министрлік бөліскен мәліметте.
Қазақстан екі бағытта шет елден ірі қара импорттайды.
«Етті бағыттағы алып келетін мал тұқымдары: Қазақтың ақбас, Геррефор, Ангус, Шароле, Лимузин, Қалмық тұқымдары. Сүтті бағыттағы тұқымдар: Голштин, Қызыл ала, Қара ала, Ярославская, Бестужеская тұқымдары. Аралас өнімде Симментал, Швиц және Монбельярд тұқымдары импортталады», -делінген ресми сауалға жауапта.
Шет елден алып келетін малдың бір басы 700-750 мың теңге шамасында. Мемлекет өз тарапынан асыл тұқымды малды импорттап, тұқымдық түрлендіру жұмысына қатысушыларға субсидия қарастырды.
«Етті және етті-сүтті мал шаруашылығында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Украина елдерінен импортталған ірі қара малға 225 000 теңге, ал Аустралия, АҚШ, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа елдерінен импортталған ірі қара малға 300 000 теңге субсидия әр мал басына төленеді.
Сонымен қатар, шығу тегі асыл тұқымдығына сәйкес келетін ірі қара малдың импортталған аналық басына 150 000 теңгеден субсидия қарастырылып отыр»,- делінген мәліметте.
Импортталатын мал республикамыздың етті ірі қара малды тұқымдық түрлендірумен айналысатын 13 облысына, яғни Маңғыстау облысынан бөлек аймақтарға жеткізіледі.
«Осының нәтижесінде, 600-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері отбасылық фермаларын құрып, ет индустриясына өз үлестерін қосады», - деп сенім білдірді министрлік.