Қазақстанда инфляция деңгейі бірнеше жыл бойы 4-6% аралығында тұрақтайды – Ұлттық банк болжамы
Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы бірнеше жылға арналған болжамын мәлім етті

Қазақстанда бірнеше жыл бойы инфляция деңгейі (ақшаның құнсыздануы, тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің қымбаттауы - авт.) 4-6% дәлізінде болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті.
Досаев атап өткендей, мұнай бағасы күрт арзандап, әлемде коронавирус пандемиясы басталғаннан кейін, 2020 жылғы болжамда инфляция 9-11% болады деп жоспарланған. Бірақ, 2020 жылға арналған инфляция болжамы әлеуметтік-экономикалық даму болжамының бірінші кезеңіндегі 9-11%-дан 8-8,5%-ға дейін қайта қаралмақ.
«Төлем балансының күтілетін тапшылығы аясында айырбастау бағамының бағаларға тасымалдануы, сондай-ақ, ұлғайған фискалдық импульс инфляцияға әсер ететін болады, оның инфляцияға ықпалы 2021 жылы да жалғасады. Тиісінше, біздің бағалауымыз бойынша, 2021 жылы мұнай бағасының біртіндеп өсуі және ішкі экономиканың қалпына келуі аясында жылдық инфляция 4-6% дәлізінің жоғарғы шекарасына жақын қалыптасатын болады және осы дәлізде 2022 жылы да қалыптасады. Осыған байланысты инфляция болжамы мынадай таргеттерге сәйкес келеді: 2021-2022 жылдары 4-6%, 2023-2024 жылдары 4-5% және 2025 жылы 3-4%», - деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан