Бектенов ауқатты адамдардың жәрдемақысын тоқтату арқылы үш жылда 2,5 трлн теңге үнемдеуді жоспарлап отыр

Құрылтайда «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланып жатыр

Бектенов ауқатты адамдардың жәрдемақысын тоқтату арқылы үш жылда 2,5 трлн теңге үнемдеуді жоспарлап отыр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Құрылтайда «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Заң жобасын қарау барысында депутат Наталья Годунова үкіметтің 2027 жылға арналған бюджет тапшылығы болжамының өскеніне назар аударып, премьер-министр Олжас Бектеновтен 2029 жылға қарай тапшылықты 1 трлн теңгеге дейін қалай қысқарту жоспарланғанын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Үкімет басшысы жауап ретінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі реформаны атап, оның нәтижесінде 2027 жылы 700 млрд теңге үнемделетінін мәлімдеді.

Годунованың айтуынша, соңғы жылдары бюджет тапшылығы ақшалай мәнде өсіп келе жатқанымен, оның жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі азайған. Сонымен бірге бюджеттегі жетіспейтін қаражатты Ұлттық қор мен мемлекеттік қарыз есебінен жабу қалыпты тәжірибеге айналған.

«Үш жылдық бюджет жобасында 2027 жылға арналған бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Ал былтырғы болжамға сәйкес, 2027 жылы тапшылық 3,7 трлн теңге болуы керек еді. Яғни қазір үкімет жоспарлы көрсеткішті шамамен 1 трлн теңгеге немесе 40 пайызға жуық арттырып отыр», – деді депутат.

Ол бюджет жобасында 2029 жылға қарай тапшылықты 1 трлн теңгеге дейін, яғни төрт еседен астам қысқарту көзделгенін атап өтті.

«Үкімет 2029 жылға қарай бюджет тапшылығын қандай жолмен 1 трлн теңгеге дейін азайтуды жоспарлап отыр? Өйткені 3,6 трлн теңге – өте қомақты қаржы. Мұндай болжам қаншалықты шынайы?» – деп сұрады Наталья Годунова.

Премьер-министр Олжас Бектенов жауап барысында әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін реформалау арқылы мемлекеттік қаражатты үнемдеу жоспарланып отырғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекет көмекті азаматтардың белгілі бір санатқа жататынына қарап емес, нақты мұқтаждығына қарай беруге көшеді. Бұл қағидат келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап толық күшіне енуге тиіс.

«Бүгінде көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алады. Біздің ойымызша, бұл – әділетсіздік. Ауқатты, өз күнін өзі көруге мүмкіндігі бар адамдар мемлекет көмегіне сүйенбеуі керек. Олар өз күшіне сенуі қажет», – деді Бектенов.

Үкімет басшысы мемлекет қолдауға мұқтаж азаматтарға көмектесетінін, алайда әлеуметтік жәрдем адамның тұрақты табыс көзіне айналмай, оның өз жағдайын жақсартуына мүмкіндік беруі керегін айтты.

«Мемлекет  өмірлік жағдайында өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын адамдарға қолдау көрсетуі керек және қолдау көрсетеді де. Алайда мемлекет беретін көмекті тұрақты қолдау ретінде емес, адамның өз орнын тауып, уақыт өте келе мұқтаждар санатынан шығуына түрткі болатын мүмкіндік ретінде қабылдауы қажет», – деді премьер-министр.

Бектеновтің мәлімдеуінше, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер мемлекеттік қаражатты үнемдеп, оны маңызды бағыттарға қайта бөлуге мүмкіндік береді. Үкімет есебіне сәйкес, 2027 жылы 700 млрд теңге, ал үш жылдық кезеңде шамамен 2,5 трлн теңге үнемдеу жоспарланып отыр.