Баға білім сапасын көрсете ме? Депутат Оқу-ағарту министрлігінің бағалау жүйесіне күмән келтірді

Құрылтайда «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланып жатыр

Баға білім сапасын көрсете ме? Депутат Оқу-ағарту министрлігінің бағалау жүйесіне күмән келтірді
Фотоколлаж Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Құрылтайда «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Депутат Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрлігінің бюджет қаражатын жұмсау тиімділігі мен мектептердегі бағалау жүйесінің білім сапасына әсері туралы сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесі өзгеріп жатқанын және әдістемелік ұсынымдар білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енетінін айтты.

Балташеваның сөзінше, блоктық бюджетке көшу министрліктерге қаражатты бөлу кезінде дербестік бергендіктен, бөлінген қаржының нақты нәтижесін бағалау маңызды бола түскен.

«Оқу-ағарту министрлігінің көрсеткіштері қатарында 4 және 5 деген бағамен оқитын оқушылардың үлесі қарастырылған. Бұл көрсеткіш бюджет шығыстарының тиімділігін қаншалықты шынайы бағалауға мүмкіндік береді ме? Себебі оқушылардың білім сапасы іс жүзінде жақсармаған жағдайда да әкімшілік шешімдер мен бағалау тәсілдері жақсы және үздік оқитын оқушылардың үлесін арттыруы мүмкін», – деді депутат.

Ол «Келешек мектептеріне» әдістемелік қолдау көрсетуге бөлінетін қаражаттың тиімділігіне де назар аударды.

«219 әдістемелік материалды әзірлеу білім беру жүйесіндегі осындай ауқымды өзгерістерді қалай қамтамасыз етеді? Министрлік осы тетікті қайта қарап, қаражатты кешенді жұмыстарды жүзеге асыруға бағыттауға дайын ба? Блоктық бюджеттеу жағдайында бөлінген қаражаттың тиімділігі мектептердің жұмысындағы нақты оң өзгерістермен және оқушылардың білім сапасының артуымен бағалануға тиіс», – деді Айнагүл Балташева.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқушылардың білім сапасын арттыру үшін бағалау тәсілдерін өзгерту жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда 4,1 млн оқушыға жұмсалған қаражат білім сапасында нақты көрініс табуы қажет. Бұл – алдымызда тұрған нақты міндет. Биылдан бастап бағалау тәсілдерін өзгертіп жатырмыз. Бастауыштағы білім мазмұны мен бағалау жүйесі толық қайта қаралды. БЖБ және ТЖБ аалынды. Оның орнына аралық бақылау енді», – деді министр.

Сүлейменованың айтуынша, оқушылардың оқу сауаттылығын арттыру үшін диктант, мазмұндама және шығарма жұмыстарын енгізу де жоспарланып отыр.

Министр «Келешек мектептеріне» арналған әдістемелік жұмыстың бағыттарын да түсіндірді. Оның сөзінше, президенттің бастамасымен жүзеге асырылған ұлттық жоба аясында елімізде 217 мектеп салынған. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы үкімет қаулысымен осы мектептердің әдістемелік орталығы ретінде бекітілген.

«Келешек мектептерінде STEM білімін дамыту, олимпиадалық білімді жолға қою, ғылымды ілгерілету және жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу бойынша академия нақты ұсынымдар әзірлейді. Осы ұсынымдардың тиімділігі дәлелденген кезде олар барлық білім беру ұйымдарына енгізіледі», – деді Жұлдыз Сүлейменова.