«Экономикалық өсім 5,4 пайыз болады»: депутат Атамқұлова Жұманғариннің болжамына сенбейтінін айтты

Құрылтайда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан экономикасы 5,4 пайыз өседі деген болжамын түсіндірді

«Экономикалық өсім 5,4 пайыз болады»: депутат Атамқұлова Жұманғариннің болжамына сенбейтінін айтты
Фотоколлаж Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Құрылтайда «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Заң жобасын талқылау барысында депутат Гүлназ Атамқұлова Қазақстан үкіметінің 2027-2029 жылға арналған экономикалық өсім болжамы халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауынан жоғары екенін айтып, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен бюджет шығыстарының қалай реттелетінін сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атамқұлованың сөзінше, үкімет 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасын экономикалық өсімнің 5,4 пайыздық базалық сценарийіне сүйеніп әзірлеген. Ал Халықаралық валюта қоры 2027 жылы Қазақстан экономикасы 4,4 пайыз, Дүниежүзілік банк 3,9 пайыз, Ұлттық банк 3,5 пайыз өседі деп болжайды.

Депутат осы айырмашылыққа назар аударып, бюджетте шығындарды қысқартуға мүмкіндік беретін резервтің жоқтығына алаңдаушылық білдірді.

«Болжамды параметрлер бойынша тәуелсіз бағалау әлдеқайда пессимистік көрінеді. Жоғары аудиторлық палата 2027 жылы 30,2 трлн теңге көлеміндегі шығыстар бюджеттік қағидаларда айқындалған шекті көлемнің 100 пайызы деңгейінде жоспарланғанын атап өтті. Бұл макроэкономикалық жағдай нашарлаған кезде шығыстарды қосымша ұлғайтуға резерв қалдырмайды», – деді Гүлназ Атамқұлова.

Ол министрден Үкіметтің базалық сценарийді қандай есептерге сүйеніп таңдағанын және экономикалық өсім күткен деңгейге жетпеген жағдайда қандай шаралар қабылданатынын сұрады.

«Егер Ұлттық банктің немесе Халықаралық валюта қорының болжамы расталса, Үкімет белгіленген шекті параметрлерді сақтау мақсатында шығындарды қысқартуды жоспарлап отыр ма? Егер солай болса, қандай бағыттарда? Макроэкономикалық жағдай күрт нашарлаған кезде бюджет параметрлеріне қатысты жалпы жоспар қандай?» – деді депутат.

Серік Жұманғарин 2027-2029 жылдары экономикалық өсімнің орташа деңгейі 5,4 пайыз болады деген болжам өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс және көлік-логистика салаларының дамуына негізделгенін айтты.

«Экономиканы әртараптандыру бойынша қабылданып жатқан шаралардың арқасында қазір өңдеу өнеркәсібі өте жақсы дамып жатыр. Орташа есеп бойынша өсім 5,9 пайыз болады. Оның ішінде негізгі драйверлер – машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру», – деді министр.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы өсім 6 пайызға жетеді деген болжам бар. Сонымен қатар Үкімет инвестиция көлемі жыл сайын 9,9 пайызға өседі деп болжап отыр.

Министр халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдары жыл ішінде қайта қаралатынын айтып, олардың бастапқы бағалаулары көбіне пессимистік болатынын жеткізді.

«Олардың әдеті сондай: жылдың басында пессимистік болжам жасайды, сосын жыл бойы қайта қарайды. Мысалы, мұнай бағасын алсақ, қазір бір банк 85 АҚШ долларын көрсетсе, басқа банк 57 доллар деп отыр, ал Американың энергетика министрлігі 64 доллар көрсеткен. Сол себепті біз де осы болжамдарға қарап есеп жасаймыз», – деді Жұманғарин.

Министр бюджет шығыстарының шекті көлемі бюджеттік қағидаға сәйкес есептелетінін түсіндірді.

«Шығыстарды есептегенде олар шектеледі. Қалай шектеледі? Он жылдық экономикалық өсімнің болжамын алады, оған нысаналы инфляция деңгейін қосады. Оны есептегенде келесі жылға 9,2 пайыз шығады. 30,2 трлн теңге шығынға шықтық», – деді ол.