Қазақстан экономикасындағы жеке инвестицияның көлемі 21,4 пайыз өскен
Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 9,5 трлн теңгеге жеткен
Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық экономика моделін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, бизнес-ахуалды жақсарту және инвестиция тарту бағытында жүйелі шаралар қабылдап келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Үкімет хабарлағандай, бүгінде экономикалық өсім нақты сектордың қарқынды дамуы, өндірісті әртараптандыру және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін нығайту есебінен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар мемлекет төлемдерді арттыру бойынша әлеуметтік міндеттемелерді жүйелі түрде қамтамасыз етіп, жергілікті елді мекендерде спорт инфрақұрылымын дамытуда және ұзақмерзімді келісімшарттар тетігі арқылы отандық кәсіпорындар өнімдерін кепілді өткізу үшін қолайлы жағдай жасайды.
«2026 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша бұл жұмыс тұрақты нәтиже көрсетті. Макроэкономикалық тұрақтылықтың басты драйвері негізгі капиталға салынған инвестициялар болды, олардың көлемі 9,5 трлн теңгеден асты. Бұл ретте жеке инвестициялар көлемі 21,4%-ға өсіп, жалпы өсімнен жоғары қарқын көрсетті», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Көрсеткіштердің жақсаруына бизнеске әкімшілік қысымның төмендеуі, мемлекеттік сатып алу мерзімдерінің үш есе қысқаруы және цифрландыруды енгізу айтарлықтай ықпал етті. Слнымен қатар еліміздем жаңа Салық және Бюджет кодекстерін жүзеге асыру басталды. Олар нақты сектор үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды күшейтуге бағытталған.