«Әлеуметтік төлемдерді оңтайландырамыз»: Бектенов Тоқаевқа 800 млрд теңгені қалай үнемдейтінін айтып берді

Бүгін президент Бектеновті қабылдады

«Әлеуметтік төлемдерді оңтайландырамыз»: Бектенов Тоқаевқа 800 млрд теңгені қалай үнемдейтінін айтып берді
Фото: Ақорда

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есепті тыңдап, экономиканы одан әрі әртараптандыру жоспарымен танысты.

«Бектенов бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 4,1 пайызға өскенін баяндады. Экономика құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 9,8 пайызға, көлік саласы – 7,1 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға артты. Сондай-ақ сауда-саттықта – 5,7 пайыз, ауыл шаруашылығында – 4,4 пайыз және байланыс қызметінде 4,3 пайыз өсім тіркелді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгені құрады, соның ішінде жеке инвестиция 21,4 пайызға ұлғайды», - деп жазған Ақорда.

Бектенов сондай-ақ биыл өңдеу секторында 1,7 триллион теңгеге 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жұмыс орны ашылғанын хабарлаған. Сондай-ақ премьер-министр ірі автожолдардың, Астана қаласындағы екінші әуежайдың құрылысын және Tarlan Astana көлік жүйесінің келесі кезеңін жоспарлау туралы мәлімет айтқан.  

«Пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетпек. Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көрсеткіші 15 триллион теңгені құрап, егістік алқаптары 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайды. Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінді. Бұл ретте бюджеттің әр теңгесі 6,5 теңге жеке инвестиция тартуға септігін тигізді»,  - деп хабарлаған Ақорда.

Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайыз болған екен. Бектенов және де президентке әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдіру нәтижелері туралы баяндаған.

Сондай-ақ, Ақорда жазғандай, үкімет кейбір әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жылына 800 миллиард теңгеден аса қаржыны үнемдемек.