Денсаулық сақтау министрлігі отандық дәрі-дәрмек индустриясының дамуын талқылады
Кездесуге фармацевтикалық компания өкілдері қатысты
Денсаулық сақтау министрлігі президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің Денсаулық сақтау және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Іс-шара Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен Халықаралық фармацевтикалық компаниялар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Отырыс барысында фармацевтика саласын дамытудың, инвестициялық жобаларды іске асырудың және сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін реттеуші ортаны жетілдірудің өзекті мәселелері қаралды.
Қатысушылар отандық өнімді нарыққа шығаруды жеделдетуге және фармацевтикалық өндірісті дамыту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу рәсімдерін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылады.
«Денсаулық сақтау министрлігіне Қазақстандағы фармацевтика саласының ынтымақтастығы мен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Шетелдік инвесторлар кеңесі жанындағы Жұмыс тобы шеңберінде біз мемлекет, халықаралық және отандық фармацевтикалық компаниялар арасында ашық диалог құрып жатырмыз.Біз үшін мемлекет пен индустрияның бірыңғай ұстанымын қалыптастыру және оған бірлескен жұмысымыздың нәтижесі ретінде нақты практикалық шешімдерді ұсыну маңызды», - деп атап өтті кездесу барысында Polpharma Santo («Химфарм» АҚ) компаниясының Бас директоры Адам Алексеюк.
Отандық фармацевтика өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін талқылау шеңберінде қазақстандық өнімді сыртқы нарықтарға жылжыту тетіктерін одан әрі жетілдіру және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі ұсыныстар қаралды. Бұдан басқа, отырысқа қатысушылар фармацевтикалық нарықтың жекелеген сегменттерін реттеу және саланың тиімділігін арттыруға және бәсекелестікті ынталандыруға бағытталған баға белгілеу тетіктерін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етілді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі сындарлы өзара іс-қимылға дайындығын растады және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау жүйесі мен фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.