«Жылына 2,5 млрд текше метр газ шығарады»: Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы басталды

Министрлікте маңызды талқылау өткен

«Жылына 2,5 млрд текше метр газ шығарады»: Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы басталды
Фото: ncoc.kz

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің төрағалығымен Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Министрлік «дәл қазір Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыт қарқынды салынып жатқанын» атап өтті. Кеңеске «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «PSA» ЖШС, NCOC компаниясы акционерлерінің басшылығы, сондай-ақ жобаны іске асыруға қатысатын өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қашағандағы қуаттылығы 2,5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу жобасы нақты іске асыру кезеңіне өткенін атап өтті. Кеңес барысында жобаның қазіргі жай-күйі, мүдделі тараптар арасындағы үйлестіру мәселелері, сондай-ақ нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар талқыланды», - деп хабарлайды министрліктің ресми сайты.

Айта кетейік, үкімет қаулысына сай зауытты China National Chemical Engineering Sixth Construction Company Kazakhstan Branch және China Wuhuan Engineering Corporation Ltd компанияларынан құралған консорциум салып жатыр.