Үкімет 2029 жылдан бастап ипотекасы бар қазақстандықтардың салығынан шегерім жасағысы келеді
Бұл туралы бүгін үкіметте ұлттық экономика бірінші вице-министрі мәлім етті
Қазақстандықтардың табысын арттырудың 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында үкімет 2029 жылдан бастап ипотекасы бар азаматтардың жеке табыс салығына жеңілдік жасамақ. Бұл туралы бүгін өз баяндамасында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетерлігі, бұған дейін Қазақстанда «Отбасы банкте» ипотекасы бар қазақстандықтарға салықтық шегерім жасалатын. Қазір ол тетік жойылған. Енді, Амриннің сөзінше, осы кешенді жоспар аясында үкімет осы шегерімді қайтарады.
«Ипотекалық қарыздар бойынша салықтық шегерімнің жойылуы үй шаруашылықтарының тұрғын үйді ұстауға арналған шығындарын арттырып, ипотекалық несиенінің қолжетімділігін төмендетеді. Салықтық жеңілдіктердің қысқартылуы халықтың нақты қолда бар табысының өсуін шектейді.Осыған байланысты келесі шешімдер ұсынылады: 2029 жылдан бастап ипотекалық пайыздар бойынша толық салықтық шегерімді қалпына келтіру мәселесін пысықтау», - деп мәлім етті Әмрин.
Бұдан басқа, «Әлеуметтік әмиян» арқылы азаматтарға әлеуметтік қолдауды проактивті форматта көрсету; табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау құралдарын проактивті түрде қолдану және өзге де шаралар көзделіп отыр.