«Эйр Астана» ұшақ макеті үшін еуропалық компанияға 61 млн теңге берді

«Эйр Астана» АҚ әуе компаниясы ұшақ моделдерін жасату үшін еуропалық «Lupa Aircraft Models» компаниясымен келісімшартқа қол қойды. Бас аяғы 3600 дана ұшақ макетінің жалпы құны - 61 млн 320 теңге

«Эйр Астана» ұшақ макеті үшін еуропалық компанияға 61 млн теңге берді

Бұл туралы «Azattyq Rýhy»  агенттігінің ресми сауалына жауап берген компанияның баспасөз қызметі мәлім етті. Есепке сәйкес, әрбір моделдің бағасы – 17 033 теңгеге шақ келіп тұр.

Авторлық келісім жоқ. Тендер де жоқ

Белгілі болғандай,  «Эйр Астана» әуе компаниясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алулар сайтында кәдесый сатып алу үшін сомасы 61 млн 320 мың теңгеге тең бағаны төмендету әдісін қолдану арқылы ашық тендер жариялаған.

 «Тендер шарты бойынша 1200 дана Вoeing 767 ұшағының моделін, 1200  дана  Airbus 321 ұшағының моделін, 1200  дана Embraer E2 ұшағының моделін сатып алу жоспарланған еді», - деп жауап берді компанияны баспасөз қызметі.

Тапсырысты қазақстандық компаниялар жеңіп ала алмаған. Себебі, қазақстандық компаниялардың Вoeing 767, Airbus 321, Embraer E2 ұшақтарының моделін жасату үшін авторлық құқығы жоқ болып шыққан.

Ұлттық әуе тасымалдаушы Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымында қабылданған заңын алға тартады.

«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы»  заңына сәйкес, әлеуетті жеткізушінің әуе кемелерінің модельдерін өндіруге және сатуға рұқсаты болуы қажет. Ол авторлық келісім болуы да мүмкін.  Әлеуетті жеткізушілер тиісті келісім ұсына алмауының салдарынан тендер жүзеге аспаған болып танылды. Баға ұсыныстарын сұрату нәтижесінде, еуропалық «Lupa Aircraft Models» компаниясымен  келісімшартқа қол қойылды», - деп жауап берді Эйр Астананың баспасөз қызметі.

Харлемде отырып, Қазақстан қазынасынан пайда көрді

«Lupa Aircraft Models»  атты компания, расымен алып мекеме. Бас кеңсесі Нидерландының батысындағы Харлем қаласында орналасқан. 1994 жылы ашылған компанияның қазір әлемдегі әуеғарыш компаниялары арасында 500 ірі серіктестері бар. 500-дің алдыңғы шебінде әрине, Airbus, Boeing, Embraer, Eurofighter, Lockheed Martin сияқты алпауыт компаниялары тұр.

Ашықтық пен нақтылық. Олар әлемдік бизнеспен ынтымақтасуға дайын

Airbus пен Вoeing компаниялары әлемнің кез келген елінен сенімді серіктес іздейді. Бұл туралы екеуі де ресми сайтында нақты жазып өткен. Сенімді серіктес – олардың ұшақтарына қажетті қосалқы бөлшектерді де, осы макеттерін де, өзге де сан түрлі тауарларын өз елінде өндіріп, сата алады.

Airbus компаниясының хабарлауынша, бүкіл қызметінің шамамен 80 пайызы осындай серіктестердің жұмысынан құралады. Қазір компания әлем бойынша 12 000 жеткізушімен жұмыс істеп отыр. Олардың арасында кәдімгі ұшақтың керек-жарағын өндіретін компаниялардан бастап, ұшақ логотипімен футболкалар және қаламдар шығаратын шағын бизнестер де бар.

 Қазақстандағы өндірушілердің дамуына «лобби» кедергі

Ұлттық  кәсіпкерлер палатасы «Azattyq Rýhy» ресми сауалына жауап бере отырып, отандық өндірушілердің дамуына кедергі факторлар мен мемлекеттік сатып алу сайтындағы қолдау шаралары туралы айтты.

«Қазіргі таңда отандық өндірушілеріміздің дамуына Ресей, Қытай және Өзбекстан тарапынан протекционизмді күшейту сынды сыртқы факторлар, сонымен қатар, өткізу нарықтарын қысу және қаржыландырудың аздығы сияқты ішкі тәуекелдер теріс әсер етіп отыр. Сондықтан, бірінші кезекте отандық тауар өндірушілерді реттелетін сатып алу жүйесінде жан-жақты қолдау қажет», - делінген Ұлттық  кәсіпкерлер палатасының жауабында.  

Дереккөзіне сүйенсек, «Сатып алулар жүйесін жетілдіру» туралы заңда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған 15 түзету күшіне енген. Ол - квазимемлекеттік секторда сатып алулардың жоспарын уақытында орналастырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу;

-  құрылыс саласында қызметтерді сатып алу үшін 30%  міндетті аванс төлеу;

- ҚР ұлттық стандарттарын міндетті көрсету;

- демпингтің ең төменгі шектерін бекіту сияқты ұсыныстар.

Мемлекет отандық кәсіпкерден қандай өнім сатып алуға міндетті?

Қазақстан Үкіметі 2019 жылдан бастап  көлік құралдарын, трансформаторларды және кабельдік өнімдерді 2 жыл мерзімге ұлттық режимнен босаттты.

«Бұл дегеніміз, енді мемлекет Қазақстан Республикасында ғана өндірілген (осы - агенттік) тауарларды сатып алуға міндетті, ал дәлел ретінде «СТ-КЗ» сертификаты берлілуі керек», - дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

Бірақ, отандық кәсіпкерлерді қолдайтын осындай шараларға қарамастан, шетелдік компаниялардың таураларын пайдалану үшін қазақстандық бизнеске әлі де өндіруші елдің сертификаты сұралады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.