Түркістан облысы жылына 1,5 млн скотч өндіріп, оны ТМД елдеріне сатпақ
Зауыт сондай-ақ полиэтилен қаптамасын да шығарады
Түркістан қаласында полиэтилен қаптама мен скотч өндіретін жаңа зауыт ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында жазылған. Зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров те қатысқан.
Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, бұл зауыт үш кезеңді үлкен жобаның біреуі.
«Жоба үш кезеңнен тұрады. Соның бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл зауытта жылына 1 500 000 дана скотч өндіріледі. Өнімдер Қазақстан мен ТМД елдеріне сатылады», - деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Ал, жобаның екінші кезеңі 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады. Ол өндіріс жылына 350 000 келі стрейч-пленка және 80 000 дана ауа-көпіршікті пленка шығарады деген жоспар бар. Үшінші кезең 2027 жылы іске асып, жылына 500 000 келі полиэтилен өнімдері өндіріледі деп күтіліп отыр. Жобаның жалпы құны – 1,21 млрд теңге.