$ 494.28  587.06  6.4
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстандықтар үшін міндетті сақтандыру түрлері көбейеді: агенттік жаңа заңды әзірлеуге кірісті

Президент сақтандыру өнімдерінің түрін көбейтіп, олардың қолжетімділігін арттыруды тапсырған

Қазақстандықтар үшін міндетті сақтандыру түрлері көбейеді: агенттік жаңа заңды әзірлеуге кірісті
Фото: istockphoto.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы жылдың соңына дейін «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа заң жобасын дайындап шығады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сақтандыру саласын күшейтуді тапсырған болатын. Ол дамыған елдердің тәжірибесіне сай міндетті сақтандыру түрлерін көбейтіп, сақтандыруды мемлекет, азаматтар және бизнес тәуекелдерді бірге бөлісетін жүйеге айналдыру қажет екенін айтты. Яғни, қиын жағдай туындағанда барлық салмақ бюджетке ғана түспей, ортақ жауапкершілік қағидатына негізделуі тиіс. Осы мақсатта жауапты органдарға сақтандыру және қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеп, жаңа заңдар қабылдау міндеті қойылған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы тапсырманы орындауға кірісіп кетті.

Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, сақтандыру секторының активтері соңғы бес жылда 2,6 есе ұлғайып, 3,9 трлн теңгеге жеткен. Осы кезеңде сақтандыру сыйлықақылары мен төлемдері үш есе өсіп, тиісінше 1,7 трлн теңге және 461,4 млрд теңгені құрады.

«Сақтандырудың міндетті сыныптары цифрландырылды. Жүктелген сақтандырудың 7 жаңа түрі енді, білім беру және зейнетақымен қамсыздандыру саласында жаңа әлеуметтік бағдарланған сақтандыру өнімдері пайда болды, кепілдік беру жүйесі сақтандырудың барлық міндетті сыныптарына және өмірді жинақтаушы сақтандырудың барлық түріне кеңейтілді», – деді ол.

Ал агенттік төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов «Сақтандыру қызметі туралы» заң жобасын әзірлеу аясында қандай негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.

«Біздің міндетіміз – сақтандыру саласының экономикаға қосатын үлесін арттыру. Әсіресе қазір тәуекелдер мен қаржылық жауапкершіліктің көп бөлігі мемлекетке түсіп отырған салаларда сақтандырудың рөлін күшейту қажет. Сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындайды. Оның ішінде халықаралық тәжірибені ескере отырып міндетті сақтандыру түрлерін кеңейту, халыққа пайдалы әлеуметтік сақтандыру өнімдерін енгізу, нарық инфрақұрылымын жаңарту және саланы цифрландыруды тереңдету бар», – деп атап өтті Тұрсынханов.

Жиында сақтандыру нарығын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс та айтылды. Мәселен, жинақтаушы сақтандыруды, инфрақұрылымдық және стратегиялық активтерді сақтандыруды, сондай-ақ ерікті медициналық сақтандыруды дамыту мәселесі көтерілді. Сонымен қатар сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде заңнаманы үйлестіру, сақтандыру делдалдары нарығының ашық жұмысын қамтамасыз ету және маркетплейстерді дамыту қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, сақтандыру төлемдерінің стандарттарын біріздендіру және рәсімдерді кезең-кезеңімен цифрландыру ұсынылды.

«Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы 2026 жылғы қыркүйекке дейін әзірленіп, «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа заң жобасы осы жылдың соңына дейін дайындалатын болады», - деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Мақалада

#заң #сақтандыру