$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.07.2020, 10:32
Экономика

Қазақстанда үш бірдей банктің қаржылық жағдайы қиындады

Олар - Capital Bank Kazakhstan, AsiaCredit Bank және Tengri Bank

Қазақстанда үш бірдей банктің қаржылық жағдайы қиындады
фото: afk.kz

Биыл Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер тек депозиттік базаны ғана емес, экономиканы да несиелендіру көлемін айтарлықтай арттырған. Соған қарамастан, бірнеше банкте қаржылық тұрақтылықтың төмендегені байқалып отыр. Олар - Capital Bank Kazakhstan, AsiaCredit Bank және Tengri Bank.

Finprom.kz берген мәлімет бойынша, аталмыш банктердің ҚР банк жүйесіндегі үлесі мәз емес, шамамен 1%-ды құрайды. 2020 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, жоғарыда аты аталған банктер Қазақстандағы қаржы нарығын реттеуші Ұлттық банктің пруденциялық нормативтерін орындамаған. Және бұл жағдай бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Мәселен, Capital Bank Kazakhstan пруденциялық нормативтерді 2019 жылдың басынан бері, AsiaCredit Bank 8 айдан бері, Tengri Bank - 4 айдан бері орындамай келеді.

Жоғарыда аты аталған банктердің ішінде ең ірісі - Tengri Bank. Алайда, 2020 жылдың мамыр айының аяғында қаржы институтының активтері бір жыл ішінде 23,3% төмендеп, 101,3 млрд теңгені құрап отыр. Аталмыш банк 14 сәуірден бастап төлем карточкаларына күніне 50 теңгеге дейін шектеу енгізді, содан кейін күнделікті лимиттің жалпы көлемі 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Осы жағдайға байланасты 17 сәуірде Moody's халықаралық рейтинг агенттігі Tengri Bank қаржы институтының депозиттер бойынша рейтингін B2-ден Caa3-ке дейін төмендетті. Moody's агенттігі банк енгізген шектеулерді дефолт деңгейінде бағалады.

24 сәуірде Ұлттық банктің талабы бойынша Tengri Bank қаржы институтының ірі акционері банкті капиталдандыру бойынша алғашқы траншын жіберді. Бірақ, соған қарамастан, банк әлі күнге дейін өтімділігі бойынша қиындық үстінде.

Пруденциялық нормативтерді 17 айдан бері орындамай келе жатқан қаржы институттарының бірі - Capital Bank Kazakhstan. Осы жылдың мамырындағы жағдай бойынша, аталмыш банк валюталық позиция нормативтерін орындамаған. Біраз уақыттан бері бұл банктің қаржылық тұрақтылығы айтарлықтай емес. Бір жыл ішінде банктің жиынтық активтері 22,2%-ға, яғни 69,1 млрд теңгеге дейін төмендеген.

Қаржылық тұрақтылығы төмен үшінші банк - AsiaCredit Bank. Банктің жиынтық активтері 38,5%-ға, яғни 63,6 млрд теңгеге дейін төмендеген.

Аталмыш банктердің проблемасы мұнымен шектелмейді. Екінші деңгейлі банктерге жүргізілген талдау нәтижесінде, жоғарыда аталған банк қызметтерінің тиімділігі де айтарлықтай төмендеген. Осы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan және AsiaCredit Bank жалпы сомасы 7,5 млрд теңгеге шығынға батқан. Ең көп шығынға батқан Tengri Bank (4,1 млрд тг), одан кейін AsiaCredit Bank (1,8 млрд тг) және Capital Bank Kazakhstan (1,6 млрд тг).

Серіктес жаңалықтары