«Жамбыл облысының ахуалы жаман емес»: Тоқаев Тараз жұртшылығымен кездесті
Президенттің айтуынша, биыл өңірге 600 млрд теңге инвестиция салынған
Бүгін Таразда Жамбыл облысының жұртшылығымен кездескен президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қала халық үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жамбыл облысының ахуалы әкім Ербол Қарашөкеевтің баяндамасына қарағанда жаман емес. Бірақ облыстың алдында маңызды, өзекті мақсаттар тұр. Бұл мақсаттарды толығымен орындау – әкімнің және бүкіл қызметшілердің ең негізгі міндеті», - деді Тоқаев.
Президент атап өткендей, облыстың эконАомикасын күшейту керек. Оған қажетті жағдай да, мүмкіндік те бар. Белсенді жұмыс басталды. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды.
«Мен жаңа ғана бірнеше нысанды аралап көрдім. Аймақтың даму жоспарымен таныстым. Жалпы, ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Бірақ жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек. Биыл облысқа 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. 63 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 280-нен аса елді мекенге көгілдір отын жетті. Үш жылдың ішінде 13 мыңға жуық оқушыға арналған 37 мектеп салынды. Сондай-ақ 41 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Елуден астам спорт және мәдениет орталығы бой көтерді. Басқа да көптеген игі істер жасалып жатыр», - деді Тоқаев.