Қазақ халқының тарихы мен болмысы анимациялық фильмдер арқылы насихатталуы керек – тарихшы
Мектептен жоғарғы оқу орындарына дейін тарихи сана мен ұлттық құндылықтарды белсенді оқыту қажет

Тарихшы Әлішер Алдонғар қазақ халқының ұлт ретінде бірегейлігі мен салт-дәстүрінің ерекшелігін насихаттауды аниме, сериал және фильмдер арқылы кеңінен насихаттаған дұрыс деп есептейді. Осыған дейін ол қазақ халқының қандай дәстүрлері ғасырлар бойы өзгермей сақталып келе жатқанын түсіндірген еді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Тарихи сана – ұлттық бірегейліктің, рухани тұтастықтың негізі. Ол арқылы ұлт өзін таниды, өткеннен сабақ алып, болашаққа сенімді қадам басады. Қазіргі таңда ұлттық тарих пен рухани құндылықтарға сырттан да, іштен де түрлі ақпараттық және идеологиялық соққылар жасалып жатыр. Бұл жағдай – ұлттық тұтастық пен тарихи сананың қалыптасуына елеулі қауіп төндіреді. Осындай кезеңде тарихты бұрмалауға қарсы тұру үшін ең алдымен ұлты үшін жанын шүберекке түйіп жүрген тарихшылар мен ғалымдарды қолдау аса маңызды. Олардың ғылыми еңбектеріне жағдай жасау, мемлекеттік қолдауды арттыру – ұлттық қауіпсіздікпен тең мәселе», - деді Әлішер Алдонғар.
Тарихшының айтуынша, ұлттық тарихтың құндылықтарын қорғау тек ғылыми деңгейде емес, заңнамалық деңгейде де жүзеге асуы тиіс.
«Бұл үшін нақты заң актілері қабылданып, ұлттың тарихи-мәдени мұраларына қарсы жасалған әрекеттерге тосқауыл қойылуы қажет. Себебі өткенге тіл тигізу бүгінгі ұрпақтың рухани іргетасын шайқау. Ал бұл, өз кезегінде, ұлттық тұтастыққа қауіп төндіреді. Ұлттық тарихты сақтау мен дәріптеудің маңызды кезеңі – білім беру жүйесі. Мектеп қабырғасынан бастап, жоғарғы оқу орындарына дейін тарихи сана мен ұлттық құндылықтарды оқыту жүйелі әрі мазмұнды жүргізілуі тиіс. Бұл – жас ұрпақтың өз тамырын, төл мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеудің негізі. Тарихын таныған ұрпақ қана болашағын дұрыс қалыптастыра алады», - деді тарихшы.
Ол атағандай, қазіргі Қазақстанның ақпараттық кеңістігі мен білім беру жүйесінде ағартушылық сипаттағы визуалды контенттің тапшылығы анық байқалады.
«Әсіресе, жас ұрпаққа тарих пен ұлттық құндылықтарды заманауи, тартымды форматта жеткізу бағытында жүйелі жұмыс жетіспейді. Осы тұста шет елдердің, мысалы, жапон және корей халықтарының тәжірибесіне назар аударуға болады. Олар өз ұрпағына тарихи сананы аниме, сериал, фильмдер арқылы тиімді түрде жеткізіп отыр. Бұл – XXI ғасырдағы визуалды қабылдаудың ерекше маңызға ие болғанын көрсетеді. Қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен болмысы да дәл осындай анимациялық фильмдер, сериалдар мен көркем туындылар арқылы кеңінен насихатталуы тиіс. Бұл жас ұрпаққа тарихты қызықты әрі түсінікті етіп жеткізудің тиімді жолы», - деді Әлішер Алдонғар.
Маманның айтуынша, визуалды қабылдау арқылы бала ақпаратты жеңіл меңгереді әрі ол санасына терең сіңеді. Сонымен қатар, мұндай жобаларда тарихтың шынайы интерпретациясы сақталуы аса маңызды. Өйткені дұрыс тарихи түсінік – ұлттың болашағын қалыптастырады.
«Қазақ халқы гуманизмі жоғары, даналыққа бай, рухани тереңдігімен ерекшеленетін ұлт. Осы қасиеттерді жас ұрпаққа жеткізу маңызды міндет. Анимациялық жобаларда тек тарихи оқиғалар ғана емес, қазақтың адамгершілік қасиеттері, отансүйгіштігі, ізгілігі де көрсетілуі тиіс. Ұлт тарихын ұрпаққа сіңіру тек фактілермен емес, эмоциялық әсер арқылы да берілуі керек. Бұл – тәрбиелік маңызы зор, заманауи тәсіл.Бүгінгі таңда қазақ ұлтының тарихи санасы мен руханиятына нақты қауіп төніп тұр. Жаһандану үдерісі тоқтаусыз жүріп, әлемдік ықпалдар барынша күшейіп келеді. Соның ішінде Араб түбегі маңынан таралатын радикалды діни ағымдар мен бөтен идеологиялар – ұлттың рухани тұтастығына тікелей қатер төндіріп отыр», - деді маман.
Мұндай сын-қатерлер жағдайында қазақ ұлты өз болмысын жоғалтпай, тарихи-мәдени негіздерін сақтай отырып, замана көшіне лайықты ілесуі қажет.