«Қызғанамын, көз тиеді»: Досымжан Таңатаров әйелін 28 жыл бойы неге ел алдына шығармағанын айтты (ВИДЕО)
Оның айтуынша, жары да публиканы онша жақсы көрмейді
Елу жасына орай Астанада үлкен концерт берген әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров журналист Әйгерім Сейфолланың бағдарламасына сұхбат берген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Әйгерім Сейфолла әншінің бұл жолғы концерті ерекше өткенін, концерт кезінде ел күткен де, күтпеген де жағдайлар болғанын айтып, сыр ақтарды. Соның ішінде журналист Досымжан Таңатаровтың залға лық толған көрермендердің көзінше әйеліне гүл сыйлаған сәтіне ерекше мән беріп, оның жары туралы сұрақ қойды.
Таңатаровтың айтуынша, журналистер мен әртүрлі шоу-бағдарламалар әншіні әйелімен бірге сұхбатқа көп шақырған екен.
«Оның өз болмысы эфирге құмар емес. Керісінше, бар нәрсесін маған береді, ештеме кимесе де, жемесе де, мен арқылы бәрін көрсеткісі келеді. Ал көрсетпей жүргенім – әйелімді қызғанамын. Көп жерге әйеліңмен бірге сұхбат берші деп. Әрине, күйеуімін ғой, барайық деп, қолынан сүйресем же апарамын, тілімді алады. Бірақ, оған өзі қаланып тұрған жоқ. Елдің көзі бар, сөзі бар», - дейді әнші.
Досымжан Таңатаров пен әйелі 28 жыл бұрын үйленген. Журналист Әйгерім Сейфолла «әйеліңізді 28 жыл дегенде әрең көрдік қой» деп әңгімені әзілге айналдырды. Таңатаров болса оның көп жетістігінің артында әйелінің еңбегі тұрғанын айтып, мақтанды.
«Мен негізі елден ерек ештеңе істеп жүрген жоқпын. Көзін көрген аталарымыз бен әкелеріміздің істегенін істеп жүрмін. Ошақ қасы тыныш ер адам жадырап жүре береді. Әйелдің де жадырап жүруі сөзсіз ер адамның арқасында. Бір-бірімен байланысты өмір. «Біз екеуміз» деген сөзден құдай ажыратпай-ақ қойсын», - дейді ол.
Концерттегі өзге де тосын оқиғалар
Айта кетейік, Досымжан Таңатаровтың Астанадағы концертінде ән салған Нұрғали Нүсіпжановқа астаналық кәсіпкер екі бөлмелі пәтер сыйлаған еді. Сондай-ақ Мейрамбек Беспаев концертте Досымжан Таңатаровқа арнайы домбыра сыйлап, көптің қошеметіне ие болды.