Италия Ұлттық музейдің ішінен реставрация орталығын тегін құрып беруге дайын – Балаева
Қазір қазақстандық музейлер реставрация жұмысын жекеменшік компанияларға жасатады

Италия еліміздің Ұлттық музейі жанынан рестравция орталығын ашуға ниетті. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біздің қазіргі кезеңдегі мәселеміз – Ұлттық музейдің ішінен үлкен реставрация орталығын жасау. Өйткені біздің мәдени-тарихи мұрамызды сақтап қалудың бір шарты – ол реставрация жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыру. Сондықтан маусым айының басында мен Италияға барамын. Ол жерде әріптесіммен кездесу өтеді. Сол кездесуде осы мәселелерді талқылаймыз», - деді Балаева Ақорда кулуарында.
Министрдің айтуынша, Италия тарапы реставрация орталығына қажетті технологияларды тегін беруге дайын.
«Біздің келісіміміз бойынша италиялық әріптестеріміз бізге реставрация орталығын құрып береді. Олар өздерінің технологиялары мен жабдықтарын бізге тегін беруге дайын. Сонымен қоса мамандарды оқыту көзделіп отыр. Өйткені реставрацияның түр-түрі бар: матамен жұмыс істеу, таспен жұмыс істеу, картиналарды реставрациялау», - дейді ол.
Қазір елімізде реставрация жұмысымен жекеменшік компаниялар айналысады екен.
«Өкінішке қарай, бізде реставрация жұмысын жекеменшік ұйымдар жасайды да, біздің барлық қаражатымыз сол жекеменшік ұйымдарға кетеді. Ал облыстағы музейлердің жекеменшік ұйымдарға реставрацияны беруге мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан біз өзіміздің Ұлттық музейдің ішінен осы орталықты құрып, одан кейін бүкіл республика деңгейінде реставрация жұмысын қамтитын боламыз», - деп түсіндірді Балаева.
Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Италия министрлер кеңесінің төрағасы Джорджа Мелониді салтанатты түрде қарсы алды.