«Бөліну емес, шыңдалу»: Бағлан Әбдірайымов «Жігіттер» тобынан кетуі мүмкін бе
Топ 22 жыл бірге өнер көрсетіп келеді

«Жігіттер» тобының солисі Бағлан Әбдірайымов 22 жылдан кейін жеке шығармашылық жолына түсуі мүмкін екенін меңзеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бөліну емес, шыңдалу деп ойлау керек. Жеке бір шауып көру керек боп тұр. 22 жыл ажырамай жүр екенбіз», – деп жазды әнші.
Бұл жаңалық тыңдарман арасында үлкен талқылауға себеп болды. Желі қолданушылары топтың тұтастығын сақтауды қолдайтынын білдірді.
«Анда-санда жеке ән айтып тұрса болады ғой, бірақ топтан кетудің қажеті жоқ. «Жігіттер» бір-бірімен толығып тұрады, біреуі кетсе, мәні кетеді. Сонша жылдық тарихы бар топтың бөлінбегені дұрыс. Жеке шығармашылықпен айналыса бер, бірақ топты тастама. Әйтпесе, көптеген топтар орта жолда тарап, өміршеңдігін жоғалтып жатады», – деп жазды олар.
Тыңдармандардың пікірінше, «Жігіттер» тобы қазақ музыкасының маңызды бөлігі және оның бөлінбей, ұзақ жылдар сахнада жүруі маңызды.