$ 500.32  545.3  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сұранысты қанағаттандыра алмай жатырмыз»: қазақстандық сериалдарды қай елдер сатып алады

Кино саласында білікті мамандар тапшы

«Сұранысты қанағаттандыра алмай жатырмыз»: қазақстандық сериалдарды қай елдер сатып алады
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның сериалдарын қазір он шақты ел сатып алады. Алайда отандық продюсерлік орталықтар қазақстандық контентке деген сұранысты қанағаттандыра алмай жатыр. Бұл туралы Top Pro Cinema продюсерлік орталығының бас директоры Александр Аксютиц мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазір елімізде жыл сайын жүздеген жаңа сериал түсіріледі. Олардың рейтингі де жоғары, қаралымы да бірнеше миллионнан асады.

«Қазақстандық контентті Ресей, Қырғызстан, Ирландия, Германия, Әзербайжан, Түркия, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Өзбекстан сатып алады. «Хабар» және «Qazaqstan» телеарналары соңғы екі жыл ішінде шетелге 30 сериал сатқан. Біздің шетелдік серіктестерден Қазақстанда бірегей сериалдар түсіруге тапсырыс өсіп жатыр, бұл отандық креатив өкілдерінің өніміне сұраныс жоғары екенінің айғағы. Алайда мынадай парадоксқа тап болып отырмыз: әзірге сұранысты қанағаттандыруға өз күшіміз жетпей жатыр. Негізгі проблема – әлемдік сапа стандарттарына сай келетін білікті кадрлар өте тапшы», - дейді Аксютиц Үкімет отырысында.

Оның сөзіне сенсек, елімізде сценаристер, режиссерлер, операторлар, жарық берушілер, продюсерлер, тіпті гримшілер жетіспейді. Продюсерлік орталықтың бас директоры кадр тапшылығын шешу үшін халықаралық сарапшылар қатысатын білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды ұсынды. Аксютицтің айтуынша, шетелдік серіктестер мұндай бастамаларды қарастыруға дайын, бірақ оны жүзеге асыруға тиісті кеңістік керек.

«Қазір көптеген продакшн-компаниялар шағын кеңселерде жұмыс істейді. Ол жерде ауқымды оқыту шараларын өткізу қиын. Индустрия персоналына қолайлы жағдай жасау оларды оқытуға ғана емес, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға да көмектесер еді», - деген ол премьер-министр Олжас Бектеновтен қолдау көрсетуді сұрады.

Серіктес жаңалықтары