Қайырымдылық жәрмеңке: елшіліктер мұқтаж жандарға қалай көмектеседі
Олар сатылымнан жиналған қаражатты қайырымдылыққа бағыттайды

Елордада Қазақстандағы елшіліктердің қатысуымен қайырымдылық іс-шара өтті. Демеушілердің қолдауымен өтетін шара дәстүрге айналып үлгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жыл сайын дипломаттар мен олардың жұбайларының жасаған жәрмеңкесінен жиналған қаражат мұқтаж жандарға жолданады. Биылғы қайырымдылық жәрмеңкесі 15 мәрте ұйымдастырылып отыр.
Қайырымдылық шараның ашылуына қатысқан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко рождестволық қайырымдылық жәрмеңкесі жайлы айтып берді.
«Бұл іс-шара пандемия кезінде екі жыл бойы ұйымдастырылмады, негізінен 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Жылдан жылға көптеген елшілік қатысады. Бірақ айта кету керек, бұл ерікті іс, сондықтан қатысушы елшіліктердің саны әр уақытта әртүрлі болады. Биыл 30-дан астам елшілік қатысып отыр. Сондай-ақ 20-ға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Бұл іс-шараны 80-нен астам демеуші қолдады, олар бүгін ойналып жатқан үлкен лотереяға түрлі сыйлықтар берді. Өткен жылдары мұндай рождестволық базар бір күнде 100 мың доллардан астам қаражат жинады. Мұны атап өту өте маңызды, барлығы өте ашық түрде өтеді», - дейді Роман Василенко.
Оның айтуынша, арнайы ұйымдастыру комитеті, яғни елшілердің жұбайлары енетін қауымдастық осы қаражаттың қандай мақсаттарға жұмсалатынын шешеді.
«Әдетте, олар осындай көмек сұрайтын Қазақстандағы ұйымдарға жәрдемдеседі. Олар мүгедектерге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге немесе балаларға көмек көрсетеді. Тек балалар үйлеріне көмек көрсетілмейді, себебі мемлекет балалар үйлерін жақсы қаржыландырады. Бұл акцияға қатысқан кез келген адам жеңімпаз атанады. Себебі, ақша жұмсасаңыз да, тауар сатсаңыз да, ақша қайырымдылыққа бағытталады. Бұл елордадағы мерекелердің бастауын білдіреді. Бұл қазірдің өзінде жақсы дәстүрге айналды. Қала тұрғындары бұл іс-шара туралы жақсы ақпараттанған. Дүйім жұрт дәстүр бойынша іс-шараны қолдайды. Тіпті, ине шаншар жер болмайды», - дейді ол.
Сыртқы істер министрінің орынбасары өзі де қайырымдылық акциясына атсалысатынын айтты.
«Мәселен, ірімшікті сатып алуды ұсынуға болады. Фин ірімшігі мені қызықтырды. Оларда шоколад та бар. Олар әлемдегі ең жақсы шоколад дейді. Бәлкім, әлемдегі ең жақсы деп айту артық шығар. Дегенмен, сатып алуға болады. Елшіліктерге ешкім ақша бөлмейді. Яғни, мемлекеттен көмек бөлінбейді. Бұл елшілер, елшілердің жұбайлары, дипломаттар өз ақшасын жәрмеңкеге заттарын ұсынып, кейін қайырымдылыққа беру үшін салады. Яғни, бұл үшін оларға «мың да бір рақмет» деп айтуға болады, себебі олар мұны істеуге міндетті емес, бірақ олар осылайша өз үлестерін қосып, елдегі мұқтаж жандарға көмектескісі келеді», - дейді Роман Василенко.
Қайырымдылық жәрмеңкесіне Еуропа елдері белсенділік танытқан. Әр елшілік өз еліне тән мәдениет пен асханасын дәріптейтін заттарды саудалап жатыр. Жыл сайын Қытай стендіне келушілер қатары өте көп болады. Шайдың отаны - Қытай шай құю өнерін дәріптеп, қолдан жасалған ұлттық асханадан келушілерге дәм ұсынды.
Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо жыл сайын қаржы жинау жағынан Қытай көшбасшылардың қатарынан табылғанын айтты.
«Қайырымдылық жәрмеңке - елшілік пен бүкіл дипломатиялық корпус үшін өте маңызды іс-шара. Бұл Қазақстандағы мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған дәстүр. Қазақстанда мұқтаж отбасылардың белгілі бір саны бар екенін білеміз. Оларға көмек керек. Бұл бізді бей-жай қалдырмайды, сондықтан біз әрқашан Қазақстандағы дипломатиялық корпус ұйымдастырған іс-шараларға белсенді қатысамыз. Пандемияға дейін біз жыл сайын қатысатын едік, биыл сол дәстүрді қайта жалғастырып отырмыз. Осы іс-шараға біз 2-3 ай дайындалдық. Таза қытайлық өнімдерді көрсетуге тырыстық. Мұнда зергерлік бұйымдар, кәдесыйлар немесе сусындар, содан кейін шоколадтар да бар. Қазақстанда сұранысқа ие барлық дүние бар. Биыл біз шай құю рәсімін ұйымдастырдық. Қазақстанда қытай тағамдары өте танымал. Осылайша, біз мұқтаж отбасыларға көмектесу үшін көбірек қаражат, көбірек ақша жинай аламыз. Дәстүр бойынша, Қытай елшілігінің стенді ең үлкен алаңды алады. Сондықтан Қытай елшілігі жинаған қаражат жыл сайын дерлік көш бастап келеді. Менің ойымша, биыл да біз көшбасшы боламыз», - дейді Чжан Сяо.
Елші жәрмеңкеде халық арасында сұранысқа ие қытай мединицасы мен массажын да ұсыну идеясы болғанын айтты.
«Менде осындай идея болғаны рас. Себебі, Астанада кәсіби, жоғары білікті қытайлық дәрігерлер жұмыс істейді. Тіпті, Қытайда олар өте үлкен сұранысқа ие. Бірақ бұл жерде орын аз. Біз одан да көп орын беруін сұрадық. Бұл жерде барлығына орын жетіспейді, сондықтан мен оны жоспарымнан алып тастауға мәжбүр болдым», - дейді Чжан Сяо.
Ал қазақстандық павильонды елшілердің жұбайлары ұйымдастырған. Олар қолдан жасалған әшекей бұйымдар мен ұлттық киімдерді ұсынған.
Сондай-ақ киіз үйдің макетінің қасында қалаған адамдар ұлттық киімді киіп, фотосуретке түсе алады.