$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Эксклюзив: Netflix-тің тарихи фильмінде тұңғыш рет қазақ актрисасы ана рөлін сомдайды

Қазақстанның төрт актері осы фильмге шақырту алған 

Эксклюзив: Netflix-тің тарихи фильмінде тұңғыш рет қазақ актрисасы ана рөлін сомдайды
Фотоколлаж/Azattyq Ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстандық танымал актриса, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынай Нөгербек Netflix-тің КАРЛАГ жайлы фильміне түседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кино Испанияның Бильбао қаласында 2,5 ай бойы түсіріледі. Алтынай Нөгербектен өзге тағы үш қазақстандық актер фильмге шақырылған. Ал жобаның режиссері «Бумажный дом» сериалы арқылы танымал болған Мигель Ангель Вивас болса, басты рөлге «Элита» драмасында ойнаған Аарон Пиппер таңдалған.

Редакция Netflix-тің фильміне шақырту алған тұңғыш қазақ актрисасының бірі Алтынай Нөгербектің өзіне хабарласты. Айта кететіні, дәл бүгін театр және кино актрисасының туған күні екен. Алтынай Нөгербек 48 жасқа толып отыр. Актрисаның туған күнімен құттықтай отыра, фильмнің түсірілімі жайлы сұрап білдік.

Ол фильмге шақыру түскенде әрине қатты қуанғанын айтып отыр.  

«Жобаның қалай басталғанына куә болған адам ретінде қатты қуандым. Себебі «Анаға апапар жол» фильмінің Испаниядағы көрсетілімінде елші осы идеяны айтқан болатын. Ол кезде КАРЛАГ лагеріндегі испандар туралы деректі фильмдер түсірген. Тарихшы болғандықтан, осы тақырып оған жақын болды. Негізі сол кісінің идеясы болды. Кейін ол сценарий 3-4 мәрте өзгерді», - дейді актриса.

Фильмге түсетін қазақстандық актерлардың алды Испанияға жол тартқан.

«Түсірілім 18 қарашада басталып кетті. Жобаның басталғанына 5 жылдай уақыт болды. Бірақ коронавирус жағдайына қатысты біршама уақытқа тоқтап қалды. Кейін басты рөлге түсетін испан актері жол апатына түсіп, түсірілім тағы да шегерілді. Қазақстаннан Дина Тасболатова, Сергей Уфимцев және Фараби Ақкөзов сынды актерлар бар», - дейді Алтынай Нөгербек.

Актриса атағандай, Дина Тасболатова Айсұлу атты кейіпкердің рөлін сомдайды. Басты кейіпкер екі испан актері болса, Айсұлу кейіпкері негізгі рөл болмақ. Актриса фильмдегі оқиға желісінің үзіндісін де айтып берді.

«Басты рөлдегі дәрігер рөлін сомдайтын жігіт пен Айсұлудың арасында махаббат сезімі пайда болады. Алайда бұл жерде қазақ қызының елге деген патриоттылығы, сағынышы басымырақ. Ал мен сол жердегі ананың рөлін сомдаймын. Кейіпкердің балалары мен жолдасы соғыста қаза тапқан. КАРЛАГ-та жүрген адамдарға жанашыр, қамқоршы отанасының рөлі бұйырды. Басты кейіпкермен іштей байланыс туындап, ана мен бала арасындағыдай жақындық туындайды», - дейді актриса Нөгербек.  

Актриса түсірілімге қаңтар айында баратынын айтты. Ал фильмнің өзі 2025 жылдың аяғына дейін көрерменге жол тартуы әбден мүмкін.

Еске салсақ, Netflix - 1997 жылдың 29 тамызында жасақталған америкалық компания. Оның штаб-пәтері Калифорния штатында орналасқан.   

Серіктес жаңалықтары