Disney мен Pixar студиялары шығарған «Ойжұмбақ 2» фильмінің тұсаукесері өтті
Аида Балаева «Ойжұмбақ 2» фильмінің дубляжында жаңашылдық көп екеніне тоқталды
Бүгін Disney мен Pixar студиялары шығарған «Ойжұмбақ 2» фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандық көрермен асыға күтетін Disney туындылары жайында ой бөлісті.
Министрдің сөзінше, алғаш рет Disney мен Pixar студиялары анимациялық фильмдерін өз қаражатына қазақ тіліне аударды.
«Биыл бұған дейін қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Коконың құпиясы», «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толықты. Биыл алғаш рет Disney мен Pixar студиялары «Ойжұмбақ 2», Disney студиясы «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» деп аталатын анимациялық фильмдерін өз қаражатына қазақ тіліне аударды. Фильмдерді түрлі елдер мәдениеті мен таным-түсінігіне бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Компания жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын ұсынады. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы – біз үшін маңызды оқиға, жақсы жаңалық. Бұл қазақ тілінде еркін сөйлейтін ортаға да, тілді үйренушілерге де пайдалы, әрі қуанышты жағдай», - деді министр.
Аида Балаева «Ойжұмбақ 2» фильмінің дубляжында жаңашылдық көп екенін атап өтті.
«Қазақша дубляж саласы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілгенін бәріміз жақсы білеміз. Мәселен, «Ойжұмбақ 2» фильмінің дубляжында да жаңалық көп, қазақ тілінің қолданыс аясын, әсіресе балалар арасында сирек қолданылатын төл лексиканы орнықтыруға жол ашатын мысалдар көп. Ана тіліміздің қолданыс аясын баланың сүйікті кейіпкерлері арқылы кеңейту – өте ұтымды тәсіл. Фильмнен шыққан әр бүлдіршін жаңа сөз үйреніп, оны қолдана алса, жақсы емес пе?!», - деп жазды Аида Балаева.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Disney студиясының бұл бастамасына қолдау білдіреді және оны өзге де контент жасаушыларға үлгі болатын өте жақсы бастама деп таниды.
«Мұндай бастаманы қолдап, өзгелерге мысал ретінде таратуымыз керек. Осы жобаға мұрындық болып, оны жан-жақты қолдаған «Қазақ тілі» қоғамына алғыс білдіремін. «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі 14 маусымнан бастап кинотеатрларда көрсетіледі. Сіздерді қазақша дубляжды қолдауға шақырамыз!», - деп түйіндеді сөзін министр.