«Қазақфильм» картиналарының табысы бюджеттің 5%-ін де ақтамайды: қаржы министрі не дейді

Былтыр мәдениет министрлігінің бюджеті 140–150 млрд теңгені құраған

«Қазақфильм» картиналарының табысы бюджеттің 5%-ін де ақтамайды: қаржы министрі не дейді
Фото: egemen.kz

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Қазақфильмнің» бюджеттің ақшасына түсірілген кинокартиналарынан мардымсыз табыс түсуі «дұрыс көрсеткіш емес» екенін мойындады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сенатта өткен отырыста Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов «Қазақфильм» кинокартиналарынан табыс тым аз түсетінін мәлімдеді. Кассалық түсім мемлекеттен алған ақшаның 5 пайызын да ақтамайтын көрінеді.

«Қазақфильм» АҚ түсірген кинокартиналар құнынан түсімдердің үлесі картинаға жұмсалған бюджеттің 4,8%-ын құрады. Сонымен қатар Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін іске асыру мерзімінің ұзаққа созылуы отандық кино өндіру және прокаттау процесінде ашықтықтың болмауына алып келеді», - деді ол.

Сенат кулуарында Azattyq Ruhy тілшісі қаржы вице-министріннен "бұл халықтың ақшасын желге шашу емес пе?" деп сұрады.

«Біз «Қазақфильмге» деп әдейілеп лимит бөлмейміз. Лимитті министрлікке береміз. Сосын министрлік өз ішінде әртүрлі салалар бойынша бөледі. Мысалы былтыр мәдениет министрлігінің бюджеті қателеспесем 140 –150 млрд теңге көлемінде болды. Соның бір бөлігі ақпаратқа, бір бөлігі киноға, тағы бір бөлігі мәдениетке кетеді. Яғни министрлік ақшаны қалай, қайда бөлетінін өзі шешеді», - деді Дәурен Темірбеков.

Десе де ол бюджет ақшасына түсірілетін фильмдердің аз табыс әкелу мәселесін «дұрыстау керек» деп есептейді.

«Қайтарымы бес процент қана дегені әрине, ол дұрыс көрсеткіш емес. Оны мойындау керек. Оны дұрыстау керек. Жоғары аудиторлық палатаның берген ұсыныстарымен мен келісемін. Бұл мәселені жұмыс топтарында талқылаймыз», - деді ол.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.