Маңғыстау облысында онлайн шахмат чемпионаты өтеді
Жүлде қоры 400 мың теңге

Маңғыстау облысында 19-сәуірде шахматтан алғаш рет «Каспий Патшасы» онлайн чемпионаты өтеді. Жүлде қоры 400 мың теңге. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы шахмат федерациясының директоры Елбаева Фатима мәлімдеді.
Негізгі ұйымдастырушылары Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Шахмат федерациясы, сондай-ақ «Дебют» шахмат мектебі.
«Қатысуға ниетті облыс тұрғындары үшін ешқандай шектеу жоқ. Арнайы CHESS.COM сайтында өз аккаунтын ашып, өтінім толтыруы қажет. Жалпы жарыс 11 турдан тұрады. Блиц режимде 3 минут 2 секундтан қосылып әр жүріс үшін қосылады. Арнайы осы жоба үшін CHESS.COM. сайты таңдалды. Өйткені, аталған сайттың ауқымы кең. Бұл сайыс шахматшылар үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Жанкүйерлер ойындарды Youtube желісі арқылы тікелей байланыста тамашалай алады», - дейді «Дебют» шахмат мектебінің басшысы Анвар Шайхымов.
Байрақты бәсекеде бақ сынаймын деушілер үшін өтінім қабылдау 18-сәуір күні тоқтайды. Чемпионатта Алматы, Павлодар, Қарағанды қалаларынан «Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері» онлайн қазылық ететін болады. Жарыс қорытындысы 2 күннен кейін жарияланып, қатысушалар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
«Бүгінгі күнге дейін 100-ге жуық қатысушы тіркелген. Алда мұндай чемпионаттың қалалық, облыстық кезеңдерін өткізу жоспарда»,- дейді ұйымдастырушылар.