ЕҰУ-да Марфуға Бектемірованың шығармашылығына арналған халықаралық жиын өтті
Іс-шара белгілі ақынның 65 жылдығына арналды

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Қазақ лирикасы және Марфуга Бектемірова поэзиясы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара белгілі ақын және публицист Марфуға Бектемірованың 65 жылдығына арналды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Конференцияға танымал шетелдік және отандық қаламгерлер, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен ақын шығармашылығын сүйіп оқитын оқырмандар қатысты.
«Біз бүгін ерекше форматта жиналып отырмыз. Жастар елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де поэзиясымен танымал ақын қызымыздың шығармашылығымен танысады. Марфуға Бектемірова, өкінішке қарай, қысқа ғұмыр кешті, бірақ артында жарқын із, мол мұра қалдырды. Біздің бүгінгі кездесуіміз соның дәлелі», - деді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләзат Нұрқатова.
Сондай-ақ проректор белгілі ақын, М.Бектемірованың жұбайы Есенгелді Сүйіновке «Гумилев» медалін табыстады.
Жиынға қатысушылар ақынның шығармашылығын, оның мұрасының жастарға әсерін және өлеңдерінің білім беру мен мәдени парадигмадағы рөлін талқылады.
Тағылымы мол ғылыми-тәжірибелік іс-шараға «AMANAT» партиясының хатшысы Руслан Әлішев қатысты. Ол партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің құттықтау хатын оқып берді.
«Бүгінгі қазақ лирикасы мен Марфуға Бектемірованың поэзиясына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның маңызы зор. Көңіл пернесін дәл басқан нәзік лирикаға соқпай өткен ақын жоқ. Қазақтың мөлдіреген қара өлеңі де тұп-тұнық лирика. Абай атамыздан бастап, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев секілді біртуар ақындардан үлкен мектеп қалды. Марфуға Бектемірованың поэзиясы осы алтын арқаудың заңды жалғасы деп есептеймін. Ақын апамыздың шығармалары ұлтымыздың рухани қазынасына айналары сөзсіз», – деген тілегін жеткізді.
РФ Жазушылар одағы басқармасының бірінші орынбасары Геннадий Иванов Марфуға Бектемірованың есімі Ресей Жазушылар одағы үшін жаңалық емес екенін баса айтты.
«Оның Анна Ахматованы көп жылдар бойы аударғанын білеміз. Ахматованың өлеңдер жинағын қазақ тілінде шығарды. Біз оны төл ақын ретінде қабылдаймыз. 2007 жылы оның кітабы Мәскеуде орыс тіліне аударылып, 10 мың дана таралыммен жарық көрді, бұл қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей үшін үлкен таралым болып саналады. Біз оны қатты құрметтейміз», - деді спикер.
Конференция аясында Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, Қырғыз Республикасының Қарабаев атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, ақын, аудармашы Аида Эгембердиева, ЕҰУ профессорлары Жанат Айтмұхамбет, Сәуле Тапанова, Әсима Ишанова және басқалар сөз сөйледі.
Марфуға Бектемірова – «Жанары жәудір дүние, «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің қайдасың?», «Озера души», «Белый парус мечты» жыр жинақтарының авторы. Ақынның еңбектері «Жыр тәңірі», «Тың тынысы», «Көңіл әуендері», «Арман қанатында», «Қарлығаш» атты ұжымдық жинақтарға енген. Сонымен қатар Марфуга Бектемірова аударған Анна Ахматованың өлеңдер кітабы «Жыр жауһар» сериясымен жарық көрген.