Жамбыл облысында сақ мәдениетіне тән көне қазан табылды
Тұрғындардың ауылда музей ашылса деген тілегі бар
Салмағы 50 келі болатын жәдігерді Бесағаш ауылының тұрғындары қабір қазып жатқанда аңғарған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Ғалымдардың алдын ала пайымдауы бойынша қазан біздің заманымызға дейінгі 5-3 ғасырлар аралығында жасалған. Яғни, ерте темір дәуірі кезеңінде сақтар қолданған болуы мүмкін.
Мамандар алдағы уақытта көне жәдігерді жан-жақты зерттеп, қалпына келтірмек. Ал ауыл тұрғындары құнды жәдігер ауылда қалса дейді. Алдағы уақытта жергілікті билікпен бірігіп музей ашып, тарихи жерден табылған көне заттарды сонда қоймақ.
«Қазіргі айтып отырған жәдігеріміз Жамбыл облысының аймағындағы ерте темір дәуіріне тән мәдениеттің кең тараған әрі қайталанбайтын қолөнер туындысы болғанын көрсетіп отыр. Алдағы уақытта археолог ғалымдар осы аумақта кешенді ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізсе деген ойымыз бар», - дейді археолог Сауран Қалиев.