Сот «Қазақфильм» мен Sataifilm-ді татуласуға шақырды
Тараптар келісе алмаса, бөлінген ақша мемлекетке қайтарылуы мүмкін
«Қазақфильм» киностудиясы мен Sataifilm кинокомпаниясының өкілдері бүгін тағы да сотта кездесті. Тараптар «Томирис» фильмін монтаждау кезінде жұмсалған қаржы үшін бір-бірін айыптауды тоқтатар емес. Sataifilm өкілдері «Қазақфильм» киностудиясынан тарихи фильмнің монтажы үшін төленуі тиіс 9 млн 300 мың теңгені өндіріп алу туралы талап арыз берген еді.
Алайда сот қазысы тараптарды татуласып, істі өзара келісу арқылы шешуге тағы да мүмкіндік беретін айтты. Судья Тұрсынәлі Төлегенов қаражат көлемінің көп емес екенін, бұл мәселені медиация жолымен де шешуге болатынын ескертті.
«Мен сіздерден татуласуды сұраймын. Егер кеткен кемшіліктер болса, келесі сот отырысына дейін өзара ақылдасып шешуге болады деп ойлаймын. Себебі, фильм түсірілген, бас мердігерге өткізілген. Бухгалтерлік қателіктер болса, түзетіп, салық органдарының алдында есеп беріңіздер. Қандай да бір қосымша келісімшарт арқылы шешуге болатын шығар. Сот сіздерді тағы да компромиске шақырады, олай болмаса келесі сотта тиісті шешім қабылданады»,- деді сотқа төрағалық етуші судья.
Алайда бұған дейін «Sataifilm-нің біраз былығы бар» деп мәлімдеген «Қазақфильм» өкілдері бүгінгі сотта тартысқа түсіп отырған қаражаттың анағұрлым көп екенін айтты. Киностудия президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Мақсат Мерекенов фильмді монтаждауға қарастырылған қаражаттың 9 млн теңге емес, 50 млн теңгеден асатынын мәлімдеді. Заңгердің айтуынша, Sataifilm 21 млн еңбек келісімшарты бойынша төлемдерге, одан тыс монтажға жұмсалған 41 млн теңгеге атқарылған жұмыстардың актлерін тапсыра алмай отыр.
«Мен бұған дейін де айтқан болатынмын. Атқарылған жұмыстар туралы акт бойынша қол қойылған сома 9 млн деп отыр ғой, ол ақша ешқайда кеткен жоқ. Бізде сақтаулы тұр. Бірақ Sataifilm өзге де мемлекеттік сатып алулар бойынша шығындарын растайтын ресми құжаттарды бізге көрсете алмай отыр ғой. Егер бұл жеке кино компания жұмсалған ақшаның қайда кеткенін дәлелдей алмаса, мемлекет «Қазақфильмнен» де, Sataifilm-нен де қаражатты қайтар деп айтуға құқылы. Сондықтан біз әлгі 9 млн теңгені төлей алмай отырмыз. Жұмсалған қаражат бұдан бірнеше есе көп болып тұр. Соған есеп беруді талап етеміз», - дейді М. Мерекенов.
Sataifilm өкілдері сот отырысынан кейін біздің тілшілерге сұқбат беруден бас тартты. Бірақ сот отырысында «Томирис» фильмінің атқарушы продюсері Светлана Нам қажетті құжаттарды 23 желтоқсанда өткізгенін айтады.
«Біз актілерді мемлекеттік сатып алу порталына 2019 жылы 23 желтоқсанда орналастырдық. Одан бұрын киностудияға қағаз түріндегі қол қойылған есептік құжаттар жеткізілді. Алайда мемлекеттік порталдағы құжаттар бойынша бізге ешқандай шағым болған жоқ», - дейді Sataifilm өкілі.
Айта кету керек, тараптар келісімшартты 2019 жылдың 12 мамырында жасаған. Ақан Сатаевтың компаниясы атқарылған жұмыстар туралы есепті былтыр 31 желтоқсанға дейін өткізуі тиіс болған. Алайда Есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудит техникалық талаптардың орындалмағанын анықтаған соң, екі компания арасында алауыздық пайда болған.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы