$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.03.2020, 13:40
Мәдениет

Коронавирус: италиялық дирижер мен солист 8 наурыз мерекесіне Қазақстанға келмейді

Артур Пирожковтың концерті де өтпеуі мүмкін

Коронавирус қаупінен сақтану мақсатында «Қазақстан» орталық концерт залында жоспарланған мерекелік шаралардың кейбірі өтпейтін болды. Бұл жайында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» басшысының орынбасары Серік Нұрмолдаев мәлім етті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтуі тиіс 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орайластырылған мерекелік концертке тыйым салынған.

«Президенттің қатысуымен өтуі тиіс мемлекеттік деңгейдегі шара 6 наурызға жоспарланған еді. Алайда, жоғарыдан «концерт өтпейді» деген бұйрық түсті. Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған шараның барысы туралы бізде мәлімет жоқ. Біздің тарапымыздан тек 2300 адамға арналған концерт залы берілуі керек болатын. Ұйымдастырушы компания басқа», - деді Серік Нұрмолдаев.

Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтанда италиялық дирижер мен солистің (симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен) 12 наурызда жоспарланған концерті де өтпейтін болды. Себебі, шетелдік өнерпаздар Италияда коронавирустың өршуіне байланысты Қазақстанға келмейді. Сондай-ақ 11 наурызда ресейлік шоумен Артур Пирожков (Александр Ревва) концерті де кейінгі шегерілуі мүмкін.

«Қазір ресейлік өнерпаздар бізге хабарласып, мән-жайды анықтап жатыр. Негізінде концерттің жарнамасы жүріп, билеттер сатылуда. Алайда, өтеді/өтпейді деп нақты айта алмаймыз. Егер шараны өткізбеу туралы бұйрық түссе, әрине болмайды. Ондай жағдайда халыққа хабар береміз. Билет ақшасын қайтаруға тура келеді», - деді С.Нұрмолдаев. 

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» 14 наурыздан 22 наурызға дейінгі аралықта өтетін театрландырылған «Наурызбек» қойылымын кейінге шегерді. Өйткені балаларға арналған шараға білім беру мекемелерінің басшылары оқушыларды жіберуден бас тартқан. Бұдан бөлек, өңірлерге жоспарланған гастрольдік сапарлар мамыр мен қыркүйек айларына шегерілген.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары