«Джокерден» қауіптенуге бола ма?
Джокер фильмі «Kino.kz» рейтингінде Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи драмасымен бірге көш бастап тұр

Қазір әлем кинотеатрларында Тодд Филлипстің «Джокер» фильмі кассалық рекордтарды бұзып-жарып жатыр. Әсіресе, басты рөлдегі америкалық актер Хоакин Феникстің шебер сомдаған рөлі мен режиссердің жұмысына тәнті болып жатқандар көп. Киноны көргендердің дені Оскардың бүкіл номинацияларын алдын-ала осы фильмге беріп тастады. Джокер фильмі қазірден бастап жүлдеге таласып жатыр, жақында Венеция кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.
Киноның қысқаша мазмұны
1980 жылдардың басындағы Готэм қаласы. Әзілкеш Артур Флек өзін «әрқашан күліп жүруге» үйреткен ауру анасымен бірге тұрады. «Жылы» жымиысымен айналасына қуаныш пен мейірім сыйлағысы келген Артурды ешкім дұрыс қабылдамайды. Осының бәрін сырттай бақылап, ішпен сезген кейіпкер қоғамға көңілді сайқымазақ емес, зұлым Джокер керек екенін түсінеді...
«ДЖОКЕР» АҚШ ПОЛИЦИЯСЫНА ҚОСЫМША ЖҰМЫС ТАУЫП БЕРДІ
Қызығы сол, қазір АҚШ кинотеатрларын фильм көрсетілімі кезінде полиция күзетіп жатыр. The Sun басылымы мұны полиция органдары Джокердің зұлым образы психологиялық ауытқуы бар адамдарды қылмысқа итермелеуі мүмкін деп қауіптенетінін жазады. Себебі, 2012 жылы Колорода штатында Кристофер Ноланның Джокердің Бэтменмен күресін көрсеткен «Темный рыцарь. Возрождения легенды» фильміне келген біреу көрермендерге оқ жаудырып, 12 адам қазақ тапқан. Бұл жолы қылмыстық оқиға тіркелмегенмен, бірнеше штатта сеанс барысында өздерін «біртүрлі» ұстаған күдіктілер болған. Бұл туралы Лос-Анджелес полициясы «Полиция «Джокер» фильміне қатысты қоғамдық проблемаларды біледі. Лос-Анджелестің аудандарында ашық қауіп болмағанымен, офицерлер кинотеатр маңын күзетеді» - дейді.
«DC Comics» – тың әйгілі персонажы жайлы фильмге қазақстандық аудиторияның да ықыласы ерекше. Қазір бұл кинотуынды «Kino.kz» сайтының рейтингінде Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи драмасымен бірге көш бастап тұр.
ДЖОКЕР СИНДРОМЫ
Психологиялық ауытқуы бар «сайқымазақтың» адамдардан жылу таппай, зұлым атануына қоғамның тікелей қатысы барын көрсеткен «қауіпті» фильм жайлы қазақстандық кинотанушылардың пікірін білдік. Мәдениеттанушы Әсия Бағдаулетқызы мұндай кинолар психикалық әлсіз адамдарда қандай эмоциялар тудыратыны туралы ойлаудың өзі қорқынышты екенін айтады. Себебі, психикасы әлсіздер барлық қоғамда бар.
«Америкадағы, Бельгиядағы Джокер маскасын киіп кісі өлтіруге барған қылмыстар Қазақстанда қайталануы мүмкін бе дерсіз. Қатардағы көрермен үшін Джокер еліктеуге тұратын батыр емес, науқас, жападан-жалғыз және аянышты кейіпкер. Бұл фильмнің контекстінде «Джокер синдромы» деп әлеуметтік теңсіздікке, жүйеге қарсылықтан туатын қараңғы эмоциялардың жаппай оянуын айтуға болатын шығар. Әлсіз адам/қоғам зәбір көреді, жәбірленген адамның/қоғамның ішінде ашу қайнайды. Бұл психикасы шатқаяқтаған жекелеген адамдардың зорлық-зомбылық актілерінен гөрі күрделірек және қорқыныштырақ құбылыс», - дейді мәдениеттанушы.
Ә. Бағдаулетқызы фильмде көрсетілген Готэм қаласындағыдай әлеуметтік теңсіздік күшейген елдерде хаостың ықтималдығы жоғары екенін де жоққа шығармайды.
«Готэмдегі хаос әлеуметтік теңсіздіктен болды және әлеуметтік теңсіздік біздің ел үшін ғана емес, әлемдегі елдердің көпшілігі үшін өмір шындығы. Бірақ халқын сауатсыз, қараңғы қылып билегісі келген жүйелер үшін мұндай хаостың ықтималдығы жоғары» - дегенді айтады.
Ал «Kinostan.kz» жобасының авторы Ернар Бекенов фильмге тек киносюжет ретінде қарауға шақырады.
«Әлбетте шындыққа жақын тұстары бар: қоқыс дағдарысы, қылмыстың өршуі - бұлар Америка тарихында 1980 жылдары болған жағдайлар. Бұдан біздің қоғамға параллель іздеу - қисынсыз деп санаймын. Кез келген кинокомикс көрермен қызығушылығын тудырады. Қазақстан да бұл тұрғыда ешбір басқа қоғамнан өзгеше емес. Біздің де көрермендерге мұндай блокбастерлер ұнайды. Бар құпия осыда деп ойлаймын», - дейді ол.
Айтпақшы, Әсия Бағдаулетқызы Тодд Филлипстің Джокері жайлы мынадай да пікір айтты:
«Фильмде бірнеше тақырып бар. Соның бірі өзін іздеу, өзінің кім екенін білуге талпыныс және адамның жалғыздығы, қоғамнан алшақтығы. Адамның бәрінде эго бар, және ол эго көбінесе біреудің бағалауына, мақтауына зәру. Бұл, айналып келгенде, Абай айтқан «бір кірпіш дүниеге», қаланатын «кетігін» таба алмаған, өзін керексіз сезінгендерді зерттеу» - дейді мәдениеттанушы.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан