$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.10.2019, 12:03
Мәдениет

Мәдениет министрлігі Нығматулиннің сынынан соң концепция жазуға сұраған ақшаны қайта есептеп жатыр

Ал тұжырымдаманы өз күштерімен  жазуға маман тапшы екен

Мәдениет министрлігі Нығматулиннің сынынан соң концепция жазуға сұраған ақшаны қайта есептеп жатыр

Мәдениет және спорт министрлігі сәрсенбіде өткен Мәжіліс отырысында түсінбестік болды деп ақталып  отыр. Себебі  ведомство  100 млн теңгені 2 емес, 4 концепция жазуға сұрағандарын айтады.

Олар:

1. Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан Абай атымен байланысты ескерткіштердің бірыңғай  тарихи-мәдени кешені;

2.  «Алтын Орданың» 750 жылдығына арналған Ұлытаудағы Жошы-ханға қатысты ескерткішердің бірыңғай тарихи-мәдени кешені;

3.  Түркістан өңірі ескерткіштерінің бірыңғай тарихи-мәдени кешені;

4.  «Аңырақай шайқасы» тарихи оқиғасымен байланысты обьектілердің бірыңғай тарихи-мәдени кешені.

« 100 млн-ға тек қағаз жазбаймыз ғой. Концепция  деген 2-3 беттік қағаз жазу емес. Тұжырымдама – үлкен тарихи және мұрағат деректеріне сүйене отырып жасалады. Яғни жоғарыда аталған кешендердің бірыңғай жүйесін жасап 3D форматқа көшіреміз, бұның ішінде ескерткіштердің реставрациясы, инфрақұрылымы, техникалық сипаттамасы тағы бар. Осының бәрін құжатқа енгіземіз. Бір сөзбен айтқанда, бұл ескерткіштердің бас картасы, бас жоспары деп айтуға болады. Бұл шаруаға қазақстандық ғана емес, шетелдік ғалымдар да тартылуы мүмкін», - дейді Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры   Күміс Сейітова.

Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ашуынан соң Мәдениет министрлігі бюджеттен сұралған ақша көлемін қайта есептеуге кірісіпті.

«Енді сынның астында қалғасын, сұралған қаржыны қайта санаймыз. Биылға тек «Абай» мен «Алтын Ордаға» қатысы бар ескерткіштердің тұжырымдамасын жазуымыз мүмкін. Қалған екеуін кейінге қалдырамыз шығар. Оның үстіне бұл шаруаның бәрі конкурс яғни тендер арқылы жасалады ғой. Арзан жұмыс емес,бірнеше ғылыми топтар мен архитекторлар  тартылатындықтан үлкен қаражатты талап етеді.Бұл жұмысты біздің қарамағымыздағы ұйымдар жасай алады деп мен айта алмаймын», - дейді  департамент директоры.

Ал осы жәйт Мәжілісте неге ашылып айтылмады деген сұраққа департамент директоры: «Сол күні отырысқа барған вице-министр Елдос Рамазанов спортқа жауапты болғандықтан бұл сауалдарға жауап бере алмады» деді.

Айта кетсек, Мәжіліс төрағасы мәдени мұраға қатысты концепция жаздыруға республикалық бюджеттен  қыруар қаржы сұраған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан бастап қарамағындағыларын  түгел сынға алған еді.

Ербол Ертөре, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары